Көкшетауда «қарақшылық шабуылдан» зардап шеккен дүкен әкімшісі істі болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Көкшетауда полицияға қарақшылық шабуыл туралы жалған мәлімет берген «СтройМарт» сауда үйінің әкімшісінің қылығы әшкереленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша 15 қаңтар күні сағат 21:30-дарда Көкшетау қалалық ІІБ-іне сауда үйіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түскен. Зардап шегуші, сауда үйінің әкімшісі 25 жастағы жігіттің сөзінше, бейтаныс екі адам дүкенге баса-көктеп кіріп, оның аяғын пышақпен жаралаған, сондай-ақ, дүкендегі ақшаны алып, ізін суытқан.

Оқиға орнына дереу жеткен жедел іздестіру тобы, полиция қызметкерлері бейнебақылау камерасындағы жазбаны тексеріп, зардап шеккен адамнан түсініктеме алды. Күдіктіні іздеуге қалалық ІІБ жеке құрамы тартылды.

Осыған байланысты ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлігі бойынша соталды өндірістік іс қозғалды.

Тергеу амалдары барысында сауда үйінің әкімшісі «қарақшылық шабуыл» туралы полицияға жалған хабар бергені анықталды. Кейін белгілі болғандай күндіз ер адам дүкеннің сейфінде жатқан 1 954 000 теңгені алып, Көкшетау қаласындағы букмекерлік кеңседе ұтылып қалған. Сол себепті, ақшаның орнын толтыру үшін өзінің екі сыбайласымен бірлесіп, «қарақшылық шабуылды» ұйымдастырады.

Алайда, полиция оның арамза ойын әшкерлеп, керісінше үстінен ҚР ҚК 189-бабының 3-бөлігі (өзіне сеніп тапсырған біреудің мүлкін иемдену және жұмсау) және 419-бабы (жалған мәлімет беру) бойынша іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар