Көкшетауда Әлем чемпионы Галузинскийдің өліміне қатысты тың деректер анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда танымал спортшы, пауэрлифтингтен әлем чемпионы Евгений Галузинскийдің өліміне қатысты күдіктілердің  үстерінен бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп  хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске салай кетейік, осыған дейін танымал спортшы пауэрлифтингтен әлем чемпионы Евгений Галузинскийдің бұзақылардың қолынан қаза болғаны туралы жариялаған болатынбыз. Полицейлердің мәліметі бойынша қайғылы оқиға  ағымдағы жылдың 14 наурызында түнгі уақыт 03:00 дерде Көкшетау қаласындағы автоқалашық шағынауданында орын алған.

Досымен бірге үйіне бара жатқан 25 жастағы спортшыны бір топ жас жігіттер тоқтатады. Араққа сылқия тойып алған жігіттермен бірден сөзге келіп қалған олардың арасында төбелес шығады. Алты адамнан тұратын бұзақылар Евгений мен оның досын соққыға жығады.  Досы қаскөйлерден сытылып шығып, сол маңдағы «Рома» дүкеніне көмек шақыруға жүгіреді. Осы кезде бұзақылардың бірі спортшыға бірнеше жерден пышақ сұғып үлгереді. Алған ауыр жарақаттан Евгений көп ұзамай  көз жұмған.

Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер аталған дүкендегі бейне жазбаны тексеріп, көп ұзатпай күдіктелерді қолға түсіреді. Күдіктілер 1997-1999 жылғы студенттер. Оның арасында 1999 жылғы күдікті  қылмысын мойнына алып, үстінен ҚР ҚК 99 бабының 1 бөлімі бойынша  (адам өлтіру) сотқа дейінгі іс қозғалды. Ал, қалған күдіктілерге қатысты келіп, тіркеліп отыру шарасы қолданылып, ҚР ҚК 293  бабының 2 бөлімі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізілуде.  

Евгений Галузинский пауэрлифтингтен балғындар арасында əлем чемпионы, жастар арасында əлем чемпионатының жүлдегері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы. 2009 жылы Бразилияда пауэрлифтингтен IPF нұсқасы бойынша төрт мəрте əлем рекордтын жаңартты.

Марқұмның артында əйелі мен 1,5 жастағы қызы қалды.

Кеше Евгенийді туған-туыстары, достары және әріптестері ақтық сапарға шығарып салды.

Соңғы жаңалықтар