Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 332.21
EUR 391.74
RUB 5.57
CNY 50.08

Көкпектідегі қанды оқиғаны прокуратура бақылауына алды

Көкпектідегі қанды оқиғаны прокуратура бақылауына алды
2017 жылғы 14 қыркүйек 09:51 4053

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы Көкпекті ауданында кәсіпкердің отбасына жасалған қарақшылық шабуылға қатысты қылмыстық істі бақылауына алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еске сала кетсек, қайғылы жағдай өткен аптаның демалысында Көкпекті ауданының Көкпекті ауылында болды. 

ШҚО прокуратурасының хабарлауынша, екі ер адам сауданы сылтау етіп, дүкен иесінің үйіне кіріп алған. Бұдан кейін екі жас жігіт үйдің иесі мен туыстарына оқ атқан. Оқ тиген кәсіпкер оқиға орнында мерт болды. Оқтан үйдің отанасы да жараланған. Ал кәсіпкердің әкесі болса аяусыз соққыға жығылып, ауруханада ес жимастан көз жұмды.

«Шабуылдаушылар бизнесменнің анасын байлап тастап, үйден 4,5 млн теңге ақшаны алып кеткен. Із жасырмас бұрын көрпені өртеп, үй ішіндегі газды қосып кеткен. Кәсіпкердің туысы байлаудан босап шығып, газды өшіріп үлгерген. Сәл болмағанда газ жарылар еді», - деп хабарлайды ведомстодан.

Қылмыстық істі тергеу барысы бірден ШҚО прокуратурасы мен ШҚО ІІД-нің бақылауына алынған. Қазіргі уақытта іске қатысты деген күдікпен үш адам қамауға алынған. Құзырлы ведомстводан хабарлағандай, екі ер адаммен бірге қарақшылыққа үшінші адамның да қатысы бары анықталып отыр. Алдын ала анықталғанындай, күдіктілер қылмысты алдын ала жоспарлаған көрінеді. Ұсталғандардың бірі бұдан бұрын ұрлық үшін сотталған.

Іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалды. Тергеу қорытындысы бойынша мәліметтер қосымша хабарланбақ.

 

 

Басты сөздер: Шығыс Қазақстан облысы, Оқиға,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер