Көкпектіде үй тонаған қаскөйлер екі адамды жер жастандырды - ШҚО

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданы Көкпекті ауылында қанды оқиға тіркелді. ШҚО ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, белгісіз қарақшылар аудан орталығындағы бір үйге басып кіріп, екі адамды өлтіріп, ақшаларын тонап кеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Торғаевтың хабарлауынша, қылмыс қыркүйектің 10-нан 11-не қараған түні Көкпекті ауылында орын алған.

«Белгісіз адамдар үйге басып кіріп, үйдің иесіне оқ атып, оның туысын соққыға жыққан. Соққыға жығылған азамат сол жерде қайтыс болып, оқ тиген үй иесі ауруханаға жеткізілгенде жан тапсырған. Сондай-ақ, шабуылдағандар үй ішіндегі екі әйелді байлап тастап, үйде болған 1 миллион теңгеден астам ақшаны ашық түрде тонап, ізін суытқан», - деп хабарлайды Бақытжан Торғаев.

Қылмысты ашып, тиісті кінәлілерді ұстау үшін ШҚО ІІД-де арнайы тергеу тобы құрылған. Оған ішкі істер департаментінің қызметкерлері мен Көкпекті аудандық ІІБ қызметкерлері кіріп, құқық қорғаушылар жедел іздестіру жұмыстарын жүзеге асырады.

«Жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде қылмысқа күдікті ретінде азаматтар анықталып, бірнеше сағаттың ішінде қолға түсті. Олар Көкпекті ауданының үш тұрғыны. Қазіргі уақытта үшеуі уақытша қамау оқшаулағышына қамалған. «Қасақана адам өлтіру» және «Қарақшылық» тонау баптары бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Болған қылмыстың мән-жайы анықталу үстінде», - деп хабарлайды ШҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы.

Соңғы жаңалықтар