Киіктің жаппай қырылу оқиғасы енді қайталанбауы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ киелі деп санайтын түз тағыларының бірі - киік. Әлбетте киелілікке қатысты аңыз әңгімелер өз алдына, ал бірақ ақбөкеннің сонау тас дәуірінен бері өмір сүріп, тұқымын сақтап келе жатқан жануар екенін екінің бірі біле бермейтін тәрізді. Сол ерте дәуірден бері осынау түз иесінің басына нешеме зобалаң тумады десеңізші?! Осыншама зобалаңнан аман қалғандығының өзі оның киелі екенін аңғартып тұрғандай. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда киіктің 70 пайызы тек Қазақстанда ғана өсіп-өніп келеді.

null
Шындығында, ұланғайыр жер берген қазаққа сол далада бауыр басқан аң мен құсты қорғаудың өзі зор парыз. Сондықтан да, қазақстандық зоологтар үшін ақбөкендерді одан әрі сақтап қалу - жауапкершілік жүгі ауыр әрі үлкен сынақтың бірі болып отыр. Әр облыста қорықтар ашылып, ұлттық парктер мен мемлекеттік табиғи резерваттар құрылуда. Ал ең қуаныштысы - Қазақстан Үкіметі киіктерді аулауға 2020 жылға дейін мораторий жариялады.

Биылғы күздің алғашқы лебі сезіле бастағанда Сарыарқаның сайын даласына «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығында бөкендерге қарғыбау тағу шарасы өтті. Ондай шаралар бұған дейін бөкендерді бір-бірінен жеке дара бөліп тұрған үш популяцияда да (Бетпақдала, Үстірт және Орал топтары) жүргізілген болатын. Негізінен қарғыбау байланған бөкендер Жер серігі арқылы ғарыштан бақыланады. Олардың жолы, бағыты бәрі белгіленіп, кейіннен зерттеулерге де арқау болатыны анық. Шараны ұйымдастырған Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы өкілдерінің айтуынша, осылайша бақыланатын киіктер саны отызға жеткен. Ал күннен қуат алатын жаңа қарғыбаудың пайдалану мерзімі 2,5-нан 4,5 жылға дейін жетеді деп есептелген. Бағасы 1500-2500 еуро  аралығында. Олардың барлығы Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) қаржысына сатып алынған. «Біздің мамандар бұл қондырғының көмегімен тәулігіне бір мәрте бөкендер туралы мәлімет алып отырады. Сосын қондырғының қуаты таусылғанда ол өз бетімен ағытылып, мойнынан түсіп қалады», - дейді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының жетекші маманы Альберт Сәлімгереев.
null

Айтпақшы, киікке қарғыбау тағу жұмысының өзі ерекше - ұқыптылық пен шапшаңдықты қоса талап етеді. Мәселен, бекітілген ережеге сәйкес, бір бөкенге қарғыбау тағу жұмысы үш минуттан аспауы керек. Бұл үшін мотошабандоз табыннан бөлініп қалған бөкенді 57 секундта қуып әкеп, жер бауырлап жатқан төрт адамның тұзағына түсіруі тиіс. Торға түскен бөкеннің алдымен дене қызуы өлшенеді. Егер қызуы қырықтан жоғары болса, ондай бөкенге қарғыбау тағылмайды. Себебі стреске түскен жануар өліп кетуі де мүмкін. Ал дене қызуы қалыпты бөкеннің бойы мен салмағы өлшеніп, қаны алынады да қарғыбау тағылып, еркіне жіберіледі. Ондай кезде айналада артық дыбыс, артық қозғалыстың болмауы тиіс екен.
null 

Қазақ даласының киесі саналатын киіктің қырылу оқиғасы соңғы жылдары жиілеп кеткені баршаға аян. Мамандар бұның екі себебін алға тартады. Бірі - жануар бойындағы жұқпалы аурудан келген кесел болса, екіншісі - адамнан келетін ашкөздік.   

«Бетпақдалада қасқыр көп болған жылдары табынға ілескен ауру киіктер ілуде-біреу болатын. Себебі ондай аң көп ұзамай қасқырдың жемтігіне айналады. Ал қазір қасқыр саны азайғандықтан ауруға шалдыққан бөкендер табынға кіріп-шығып, басқаларына жұқтырып жүр. Бұрындары эпидемия 10 жылда бір рет қайталанып тұратын, ал қазір жылда тіркеледі», - дейді «Қорғалжын» табиғи қорығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Алексей Кошкин.

Ал браконерлерге келсек, жыл басынан бері елімізде киік аулағаны үшін 36 қылмыстық топ жауапқа тартылыпты. Тіпті мұздай қаруланған кейбір браконьерлер қорықшының өзін жаралап кеткен оқиғалар да тіркелген. Баукеспелер бұндай тәуекелге не үшін барады? Себебі  қара базарда бөкен мүйізінің әр келісі бір млн теңгеге дейін бағаланады.

Жалпы киік мүйізінің емдік қасиетін халықтық медицина ертеден білген. Одан женьшень, мускус тәрізді дәрі-дәрмек жасалып, өкпе қабынуы, жүрек қан тамырлары және сал ауруына ем ретінде қолданылады. «1840-1850 жылдары Қазақ елінен Бұхар, Хиуа хандығына 750 мың киік мүйізі өткізіліпті. Ол кезде бір аңның мүйізі бір жүйрік аттың немесе түйенің бағасымен теңестірілген»  деген дерек бар.

Айтпақшы, киіктердің Қазақстанда жаппай қырылу оқиғасы 2015 жылы тіркелді. Бұны кейбір мамандар ұлттық деңгейдегі қасірет ретінде де атап өткен болатын. Расында, әупірімдеп санын арттырып келе жатқанда, екі апта ішінде жүз мыңдап қынадай қырылған киіктерге не кесел келді? Әзірше, ресми органдар бұны пастереллез ауруынан көреді. Ал бұндай қырылу болмағанда түз тағысының басы жарты миллионға да жететін еді. Қырылудың нақты себебі әлі анық емес. Ал оның салдарын санап шығу еш қиындық тудырмасы да анық. Әйткенмен, ендігі басты мақсат -  осындай келеңсіз жағдайдың алдын алу, қырылуға жол бермеу. Осы мақсатта ғылымдардың ізденісін жан-жақты қолдаған орынды. Айта кетерлігі, бұндай игі бастамалар да жоқ емес. «Сол үшін де Каспий Құбыр Консорциумы қазақстандық ғалымдардың жұмысына қаржылық қолдау білдіріп, Қазақ Елінің символына баланатын осы бір дала еркесін сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті жасауға бел байлап отыр», - дейді аталған компания өкілі Айна Жетпісбаева.

Бөкеннің ерекшелік сипаттары:

Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет, мамырдың алғашқы жартысында төлдейді. Көбіне егізден, кейде үшем туады. Құралайлар қасында енесі жоқ болса, мүлдем тіршілік белгісін бермей тапжылмай жата алады. Оларды тіпті 2-3 метр жерден де көрмей қалуыңыз әбден мүмкін.  Бөкендердің бір жылдық миграциясы 2,5 мың шақырымға дейін жетеді.

null 

Киіктің қасиеті:

Қазақ халқы киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны» деп атайды. Құралайдың салқынында күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге қарай бұлт үйіріледі. Мұндай қолайсыздық бір аптаға, кейде он күнге дейін созылады. Олардың тағы бір ерекшелігі - ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Кез келген киік жолынан адасып қалған құралайды емізіп, өзімен бірге ертіп әкете береді. Киіктер сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады және өкпесі қызбайтын санаулы аңдардың бірі. Жаңа туылған лақ екі сағаттың ішінде аяғынан тік тұрса, ал туғанына екі күн болған құралайды жаяу жүгіріп, қуып жету мүмкін емес.

Ақбөкенге қатысты деректер: 

1970 жылдардың басында қазақ жеріндегі киіктер саны бір миллионға дейін жетсе, 1972 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында киік етін өндіретін мемлекеттік шаруашылық құрылған болатын. Ал қазір керісінше сол Ырғызда киіктерді қорғайтын ғылыми мәртебесі бар мемлекеттік табиғи резерват ашылды. Ресми мәліметтер бойынша, 1955-1981 жылдар аралығында 4 млн 137 мыңнан астам ақбөкен ауланыпты. Нәтижесінде 71 мың 112 тоннадай ет, 3 млн 614 мың тері өндірілген.

Тас дәуірінде ақбөкендер Батыс Еуропаға дейін тараған екен. Қазір тек Қазақстан, Моңғолия, Қалмақ автономиясында ғана сақталып қалды. Ал тіршілік ететін бөкендердің 70 пайызы Қазақстанда өмір сүреді. Елімізде олардың бір-бірінен жеке дара бөлінген үш тобы мекендейді. Олар: Бетпақдала, Үстірт және Орал топтары. Мұндағы киіктер нағыз қазақстандық түр болып саналады және басқалардан дене бітімінің ірілігімен ерекшеленеді.

 

Автор: Дәурен Құдайберген,

Фото: Клаус Нигге, Ерболат Шадрахов, Альберт Салемгереев, Абдуазиз Мадьяров

Соңғы жаңалықтар