ҚХР мен Қазақстан үш зұлымдыққа қарсы шықты - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - CCTV телеарнасына сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық терроризм туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қытай Халық Республикасының басшылығы үш зұлымдықпен -  экстремизм, терроризм және сепаратизммен күрес бойынша ұсыныс тастады. Біз бұл ұсынысты қолдаймыз және бірлесе жұмыс істеп жатырмыз», -  деп атап өтті Президент өз сұхбатында.

Президенттің айтуынша, терроризм Сирияда анық байқалды және ИГИЛ терроризмнің нағыз зұлымдық екенін, мұнымен күресу қажеттігін көрсетті.

«Онда Америка бастаған бір коалиция және Ресей бастаған тағы бір коалиция күресті. Қазір олардың өздері атаған «мемлекет» жойылды, территориясы жоқ, бірақ өз содырларын Ауғанстан сынды өзге өңірлерге жіберіп жатыр. Бұл бізді қатты алаңдатады. Мұнымен күресу үшін Шанхай ұйымына кіретін Орталық Азия елдері бірге жұмыс істеуі керек. Қазір де осымен айналысып жатырмыз», - деді Н. Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан тарапынан Ауғанстанға ауқымды көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Ауғанстан жастары Қазақстан қаражаты есебінен білім алуда. Ондағы халықты жұмыспен қамту үшін Қазақстан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға дайын.

«40 жылдан бері Ауғанстанда азаматтық соғыс жүріп жатыр. Халық соғысудан басқа ештеңе білмейді. Терроризмді қаржыландыратын есірткі өндірісімен айналысады. Мұнымен қалай күресу керек? Халыққа жұмыс беру керек, ол үшін Ауғанстандағы өндірісті дамыту қажет. Міне, біздің ортақ міндетіміз - Ауғанстанға өз экономикасын қалыптастыруға көмектесу», - деп өз сөзін түйіндеді Президент. 

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламаларының тоғысу аясындағы екіжақты ықпалдастыққа қатысты сауалдарға жауап берді.

Соңғы жаңалықтар