ҚХА «Жомарт жан» қоғамдық наградасын тағайындайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жомарт жан» төсбелгісі» қоғамдық наградасын тағайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы»  ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын таныстырған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ассамблеяның аясында ауқымды республикалық акциялар, қайырымдылық ұйымдар мен меценаттар өкілдерінің республикалық съездерін өткізу бойынша жүйелі жұмыс ұйымдастырылып жатқанын атап өтуіміз керек. Бұл ретте Ассамблея қазірдің өзінде «Жомарт жан» төсбелгісі» қоғамдық наградасын тағайындау бойынша іс жүзінде жұмыстар жүргізіп отыр. Мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі 100-ден астам этнос өкілдері тұрып жатқан еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту болып табылатыны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар және мекемелер тарапынан жүргізіліп отыр. Осы бағыттағы үйлестіруші және модератор рөлін Қазақстан халқы Ассамблеясы атқаруда», - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Ассамблеяның атқарушы органы ретінде «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі жұмыс істеп келеді. Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылған. Ол Ассамблеяның қызметін қамтамасыз етуге бағытталған атқарушы органның функциясын атқаруда. Ал өңірлік деңгейде Достық үйлері негізінде облыстардың, Алматы және Астана қалаларының әкімдері аппараттарының жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемелері жұмыс істейді.

«Осыған байланысты, Заң жобасында «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесіне, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» жергілікті мемлекеттік мекемелеріне Ассамблеяның атқарушы органы мәртебесін бекіту және оның қызметін заңнамалық деңгейде реттеу ұсынылып отыр. Сонымен қатар облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Ассамблеялары аппараттарының функцияларын кеңейту қарастырылуда. Осыған байланысты, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері жанындағы Ассамблея аппараттары өкілеттіктеріне бірқатар функциялар қосып, олардың функцияларын кеңейту ұсынылады», - деді министр.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Ассамблеяның этномәдени бірлестіктеріне қатысты жаңа ережелер енгізіледі. Бұл олардың қызметтерін, мәртебесін, сондай-ақ олардың дәстүрлерді, тілдерді, мәдениетті сақтау мен дамытуға бағытталған қызметін мемлекеттік тұрғыдан қолдау мәселесін регламенттейтін болады.

«Бұған қоса, этномәдени бірлестіктер институтын жетілдіруге, сондай-ақ оларды Ассамблеяның белсенді жұмысына жұмылдыруға бағытталған этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеуді қарастыратын нормалар енгізу ұсынылып отыр. Осылайша, бүгінгі таңда этномәдени бірлестіктер мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыратын тұтастай дербес институт екендігін ескере отырып, салалық Заңда олардың қызметін анықтауды жөн санадық. Соңғы негізгі өзгерістердің бірі этномәдени бірлестіктерді мемлекеттік тұрғыдан қолдау мәселесі болып отыр. Яғни, Заң жобасына «Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің дәстүрлерді, тілдерді, мәдениетті сақтау және дамыту саласындағы қызметін мемлекеттік қолдау» атты жаңа бап енгізу ұсынылады.  Бұл нормада мемлекеттік қолдаудың тетігі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құзыреті шеңберінде Ассамблеяға жәрдемдесу тетіктері көзделген», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Айта кетерлігі, Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдап, қаулы қабылдады.

Соңғы жаңалықтар