ҚХА РФ Мемлекеттік думасындағы Ұлттар ісі комитетімен әріптестік орнатады

None
None
МӘСКЕУ. ҚАЗАҚПАРАТ - Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай бастаған, құрамында Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Әбдірахман және Ассамблеяның тағы басқа өкілдері бар делегация Мәскеудегі жұмыс сапары барысында РФ Мемлекеттік думасындағы Ұлттар ісі бойынша Комитетінің төрағасы Ильдар Гильмутдиновпен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кездесу барысында тараптар көршілес екі мемлекет арасындағы бірлесе жұмыс атқару, қоғамдық келісім және бірлік, азаматтық біртектілікті нығайтуды  қамтамасыз ету жөніндегі өзекті сұрақтарды қарастырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай еліміздегі этносаралық қатынастар саласын тілге тиек ете отырып, бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделінің түпкі принциптерін, сонымен қатар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне тоқталып өтті.

«Кездесуде біз ұлттық саясат, ұлтаралық қарым-қатынастарды құрудың қазақстандық тәжрибесі жайлы көп сөйлестік. Сонымен қатар ұлтаралық қатынастар төңірегінде жұмыс істейтін  парламентариялармен іс-тәжірибе алмасу және бірлесе жұмыс істеу  жөнінде келістік. Бұл - біз үшін өте маңызды және қажет. Қазақстанда осы реттегі  заңдар қалай жұмыс істейтінін білгіміз келеді», - деді қазақстандық делегациямен болған келіссөздердің қорытындылары жайлы айтқан РФ Мемлекеттік думасындағы Ұлттар ісі комитетінің төрағасы.

И. Гильмутдинов сонымен қатар, екі ел арасындағы мұндай екі-жақты тәжірибе алмасудың маңыздылығына және әкелер пайдасына да тоқталып өтті.

«Қоғамдық ұйымдар құру барысында, біз көп дүниені Қазақстаннан үйренгенімізді жасырмаймыз. Ресей халқы Ассамблеясын құрудың негізгі үлгісін біз Қазақстаннан алдық. Сондықтан, мұндай іс-тәжірибе алмасудың біз үшін берері көп. Біз - бір-бірімізден үйренуіміз керек, бір-бірімізге көмектесуіміз керек,-деді И. Гильмутдинов.

Еске сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы 27-28 қараша күндері Мәскеуге ресми іс-сапармен барған болатын. Екі күндік бағдарлама аясында ҚХА өкілдері ресейлік әріптестерімен кездесіп, бірнеше ресми шараларға қатысты.

РФ Ұлттар ісі бойынша федералдық агенттігінің жетекшісі Игорь Бариновпен кездесу барысында, қос тарап этносаралық қатынастар саласындағы ынтымақтастықтың алдағы жоспарларын талқылады. Кездесу қорытындысында  Қазақстан халқы Ассамблеясы мен РФ Ұлттар ісі бойынша федералдық агенттігінің арасындағы меморандумға қол қойылды.

ҚХА өкілдері сонымен қатар РФ Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары М. Магомедовпен кездесіп ынтымақтастықтың жаңа векторларын талқылады.

Ресейдің мемлекет және қоғам қайраткері Руслан Аушевпен кездесу барысында Дархан Мыңбай еліміздегі «Рухани жаңғыру», «Туған жер» сияқты бағдарламалардың негізгі бағыттары жайлы, оның жүзеге асырылуы туралы айтты. Қазақстанның тумасы саналатын Р. Аушев аталмыш жобаларға үлкен қызығушылық танытты.

Соңғы жаңалықтар