Кейбір жігіттер әке-шешесінің зейнетақысына өмір сүріп жүр - Сапарбаев

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қазір жалқаулық белең алып, арзан табысқа жүгіретіндердің артқанын айтты. Жас жігіттер әке-шешесінің зейнетақысына, әйелінің жәрдемақысына күн көруге көшкен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін халық алдында есеп беріп жатыр. Өңір басшысы 2018 жылды Экономикалық серпіліс жылы деп жариялады.

Өткен жылды қорытындылап, осы жылдың жоспарымен бөліскен өңір басшысы кейін тұрғындардың сұрағын тыңдап, кейбіріне өз ойын білдірді. Әсіресе, жұмыс іздеп, қызмет таңдайтын ер азаматтардың ісіне ренішін айтты. Оларға мүгедек болса да кәсіп ашып отырған Шахан Жолдыбаевты мысалға келдірді. Жас жігіт 100 жаңа есімнің қатарына қосылған болатын.

Сонымен қатар, мүгедектердің басын қосып, олардың проблемасын билікке жеткізіп отырған Құралай Байменоваға рахмет айтты.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтар өмірге талпынып, жұмыс істеп жатқан кезде он екі мүшесі сау адам неге таңертеңнен кешке дейін жылай береді. Шахан Жолдыбаев республикаға танымал кәсіпкер. 100 жаңа есімнің қатарына еніп, Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Ауылға барсаң еңгезердей, он екі мүшесі сау азаматтар жұмыс жоқ деп жатады. Жұмыс бар, адамдар ерінеді. Мал бағуға болады. Ал олар «мал бақпаймын, мұнайшы болуым керек» дейді. Ата-бабамыз бізге мұнайшы бол деді ме? Қазақ 100 жыл бұрын мұнайшы болған жоқ. Қазіргі заманда жалқаулық белең алды. Кейбір жігіттер әке-шешесінің зейнетақысына, әйелінің жәрдемақысына өмір сүріп жүр. Соған кейбірі мәз болады. Әкем тағы 10 жыл жүрсе, әйелім көбірек бала туса деп айтады. Ол не деген сұмдық»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Кейін өңір басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сананы жаңғырту, тәрбиені күшейту экономика, саясаттан да жауапты жұмысқа айналды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың талабын жақсы білесіздер. Егер біз дамыған 30 елдің қатарына енеміз десек, барлық салада даму болуы керек. Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланды. Елбасы сананы дамыту керек деп жатыр. Экономика, саясат жағынан жақсымыз, ал рухани жағынан қалып бара жатырмыз. Дәстүрімізді, салтымызды сақтау керек. Ағайын, тәрбие, сана адам үшін ең керек нәрсе. Сол болса білім, кәсіп, дүние болады»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар