Кепілдік беру жүйесі: Фермерлерге кредит алу жеңілдейді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгроКепіл» АҚ несие алу үшін кепілдік мүлкі жетіспеген фермерлерге көмек көрсетпек. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «ҚазАгроКепіл» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Аграршылар үшін қолайлы жол, яғни несиелерді кепілдендіру бағыты жұмысын бастады. 2016 жылғы 29 желтоқсандағы ҚР Үкіметінің қаулысымен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген болатын. «ҚазАгроКепіл» АҚ бағдарламаның екінші бағыты бойынша, атап айтқанда, несиелер мен шағын несиелерді кепілдендіру жұмысына атсалысады. Көптеген шаруалардың несие алу кезінде кепілге қоятын мүлкі жетіспей жатады. Кепілдік мүліктің төменгі бағасы несие алуға мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан мемлекет осы мәселе бойынша - «кепілдік алу» жолын әзірледі», - дейді Қайрат Мақаев.

Демек, несие алғысы келген шаруаға кепілдік бере отырып, «ҚазАгроКепіл» АҚ несие алушымен бірге қарыздың қайтарылуына жауапты болмақ.

«Бүгінге дейін 180 шаруа кепілдік алу мүмкіндігіне ие болды. Ол фермерлердің 40 пайызы - жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлер. Берілген жалпы кепілдік соманың мөлшері 1 миллиард теңгеге жетіп отыр», - дейді ол.

Кепілдік алу қызметінің тиімділігі турасында «ҚазАгроКепіл» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Иманқұлов кеңірек айтып берді.

Оның айтуынша, кепілдік алу жүйесі бойынша 18 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Сонымен бірге, компания жаңадан кәсіп бастап жатқан кәсіпкердің алған несиесінің 85 пайызына дейін кепілдендіре алады. Ал бұрыннан жұмысы жүріп тұрған кәсіпкерлердің алған несиесінің 50 пайызы кепілдендірілмек.

Қазбек Иманқұлов өз сөзінде Қазақстанның барлық облыстары мен Алматы, Семей қалаларында «ҚазАгроКепіл» АҚ-тың өкілдіктері жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Кепілдік алу жолы мынадай: Бағдарламаға қатысушы «Аграрлық несиелік корпорациямен» қаржыландырылып отырған несиелік серіктестікке барады. Егер кепілге қоятын мүлкі жетіспеген жағдайда несиелік серіктестік оған кепілдендіру арқылы несие беру туралы шешім қабылдайды. Тиісті құжаттар «ҚазАгроКепіл» АҚ қызметкерлері тексеріп, тиісті шешім шығарады. Осыдан кейін өтінім беруші, несиелік серіктестік пен «ҚазАгроКепіл» АҚ арасында үшжақты келісімге қол қойылады», - дейді Қазбек Иманқұлов.

Соңғы жаңалықтар