Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады - Ерік Байжүнісов

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралатын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына орай пікір білдірген Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Ерік Байжүнісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқарушы директордың айтуынша, Медициналық сақтандыру қоры Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген міндеттерді атқаруға кірісіп кетті. Бұл ретте Қор Жолдаудағы ең маңызды деген үш міндетке басымдық беріп отыр.

«Атап айтқанда, ақпараттық жүйелер мен мобильдік қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету. Бұл ретте былтыр қараша айында қордың мобильдік қосымшасы іске қосылған болатын. «МСҚ: Халықтық бақылау» аталатын қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалар қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емдеу мекемелерінің жұмысына баға беруге болады», - деп атап өтеді Ерік Байжүнісов.

Оның сөзіне қарағанда, қосымша арқылы емхана/стационар қызметі бойынша дәрігердің қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер негізінде бағаланады. Сонымен қатар, қосымшаны пайдаланушылар кез келген медицина ұйымы жайлы пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Алдағы уақытта осы пікірлер негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Ал, бұл азаматтарға еліміздегі ең үздік деген емханалар мен клиникаларды таңдауға көмектеседі. «Халықтық бақылау» қосымшасын Android және iOS платформаларымен жұмыс істейтін телефондарға орнатуға болады.

«Екінші - кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін оңтайландыру. Жалпы, бұл құжатты Үкімет бекітеді. Біз өз ұсыныстарымызды әзірлеп өкілетті органға береміз. Бір сөзбен айтқанда, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады деуге болады. Болашақта мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына созылмалы сырқаттарды қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы емдеу жүйесіне көшу көзделіп отыр», - дейді Қор басшысы.

Осыған байланысты Қор алдағы екі жылда кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне кіретін қызмет түрлерін іріктеумен айналыспақ. Іріктеу барысында медициналық қызметтерге деген сұраныс пен олардың тиімділігі міндетті түрде ескеріледі.

«Үшінші - стационарлық көмектен профилактикаға және өзге де қызмет түрлеріне көшу. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің бағасы қымбат болып келетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға ден қоюы керектігін қадап айтты. Бұл өте дұрыс. Себебі, науқастардың 70 пайызы дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қалтасынан шығатын қаражат бірнеше есе артады. Біз болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге, соған басымдық беруге күш саламыз. 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың 5 пайызы осы қызмет түрлеріне жұмсалатын болады. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар ауқымын едәуір арттыру көзделіп отыр», - дейді Е. Байжүнісов.

Соңғы жаңалықтар