Келімбетов: Ислам қаржыландыруына посткеңестік елдер «Астана» ХҚО арқылы келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайрат Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі бес стратегиялық бағыттарының бірі ретінде неліктен «Ислам қаржыландыруы» таңдалып отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ислам қаржыландыруы - бұл маңызды бағыт. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы бұл бағытқа ерекше маңыз беріп отыр. Бізде Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы өткіздік. Айтпақшы, осы жылдың 4 шілдесінде біздің халықаралық дәрежедегі тұсаукесері аясында осындай форумды тағы өткізетін боламыз», - деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы сенаторлардың «Астана» халықаралық қаржы орталығында көшпелі отырысы кезінде.

Қайрат Келімбетов Ислам қаржыландыруы туралы сөз қозғалғанда, бұл ең алдымен - Ислам экономикасының бір бөлігі екенін атап өтті.

«Ислам қаржыландыруының әлемде танымал болып отырғаны соншалық, ол кейбір діни сұрақтардың атрибутикасы болғанымен, екінші жағынан мойындалған, сертификатталған қаржылық индустрия болып отыр. Ислам дініндегі халқы аз Лондон, Гонконг, Жапония, Люксембург секілділер Ислам қаржыландыруын өте белсенді түрде дамытып жатыр. Себебі, ол жақта Ислам қаржыландыруы - жауапты инвестициялау деп аталады. Ислам қаржыландыруы әлемдегі 2 триллион АҚШ долларлық нарық екенін еске салғым келеді. Бұл өте қомақты сома. Соның бір бөлігі біз Қазақстанға тартқымыз келеді», - деді ол.

«Астана» ХҚО басшысының айтуынша, екінші жағынан Қазақстандағы және Орталық Азиядағы халықтың басым бөлігі мұсылмандар.

«Бұл өте үлкен нарық. Көптеген банктер аса қызығушылықпен осы нарықта жұмыс атқарар деген сенімдеміз. Сондықтан, посткеңестік елдерге Ислам қаржыландыруының енетін есігі - Астанада («Астана» ХҚО - авт.) болғанын қалаймыз», - деп түйді сөзін Келімбетов.

Еске сала кетейік, Келімбетов бұдан бұрын «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі бес стратегиялық бағытын атаған болатын. Нақтырақ айтқанда, елордадағы қаржылық орталық Капитал нарығы, Активтерді басқару мен Private Banking, Ислам қаржыландыруы және Жаңа қаржылық технологияларға басымдық бермек. 

Соңғы жаңалықтар