Келімбетов «Астана» ХҚО-ның тұсаукесері туралы айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесерін 2018 жылдың 5 шілдесі күні өткізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Естеріңізде болса, біз Астанаға 1997 жылы желтоқсан айында көшіп келдік. Ал келесі жылы 5 шілде күні елорданың халықаралық тұсаукесері өткен болатын. Сол себепті «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесері де осы күнге белгіленіп отыр», - деді «Астана» ХҚО басшысы Қайрат Келімбетов.

Оның айтуынша, салтанатты шара «Astana financial days» атты үшкүндік форум аясында ұйымдастырылады. Сол жерде исламдық қаржыландыру, блокчейн, цифрлық технологиялар және тағы басқа мәселелер кеңінен талқыланады.

«Ал 5 шілде күні біз Астана әкімдігімен бірлесе отырып, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде арнайы комиссия да құрылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің жетекші инвесторларын шақырды. Президенттің өзі қатысады деген жоспар бар», - деп атап көрсетті Қ.Келімбетов.

Айта кетейік, «Астана» ХҚО ағымдағы жылы 1 қаңтардан бастап өз жұмысына кіріскен болатын. Орталық негізінде сот пен арбитраж аппараты құрылды. Мемлекет басшысының қаулысымен сот төрағасы да тағайындалды. Одан бөлек, тағы 9 судья бар. Биржаның негізгі әріптестері де анықталды.

Соңғы жаңалықтар