Келесі жылы Жезқазғанда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жезқазғанда 10 жылға жуық уақыт бойы тұрғын үйлер салынбаған. Ол жайлы бүгін облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыс барысында айтылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, биылғы жылы Жезқазған қаласында несие арқылы сатылатын көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспары болған еді. Алайда ол жоспар жүзеге аспады.

«Басқа қалаларда, мысалы, Балқашта екі үйдің құрылысы басталып кетті. Қарағандыда да осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр», - деді Асылбек Дүйсебаев.

«Қандай себептерге байланысты Жезқазғанда бұл жұмыстар тоқтатылып тұр?» - деп сұрады аймақ басшысы Ерлан Қошанов Жезқазған қаласының әкімінен.

Батырлан Ахметовтың айтуынша жобалық-сметалық құжаттар дайын. Және де осы жылдың соңына қарай Жезқазған шаһарында құрылыс жұмыстары басталады.

«Жаңа үйлердің бірінде жалға берілетін пәтерлер болса, келесі бірінде несиелік үйлер болады. Жыл соңына дейін сонымен қатар тағы да төрт үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайын болады», - деп сендірді Жезқазған қаласының әкімі.

Жалпы есептегенде 2018 жылы Жезқазғанда алты жаңа көпқабатты үйдің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, қала әкімінің айтуынша тағы үш үйді жеке компания салуды жоспарлап отыр, ондағы пәтерлерді «Тұрғынүйжинақбанкі» несиесі арқылы алуға болады.

Егер барлығы жоспар бойынша жүзеге асса, онда 2019 жылы Жезқазғанда тоғыз жаңа көпқабатты үйлер пайда болады. Онда халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына баспана қарастырылады.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов өзінің бірінші орынбасарына қаладағы тұрғын үй мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.

Статистика басқармасының мәліметінше, 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін Қарағанды облысындағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы өткен жылмен салыстырғанда 136,8 мың шаршы метрге ұлғайған.

Соңғы жаңалықтар