Кедендік жеңілдікке ие қазақстандық компаниялар тізімі жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін алған қазақстандық компаниялар тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитет өкілінің айтуынша, уәкілетті экономикалық оператор - кез келген сыртқы экономикалық сауда қатысушысы үшін аса беделді мәртебе.

«Бұл әлемдегі негізгі үрдіс, мәселен Еуропада барлық экспорт-импорт операцияларының 60%-дан астамы осындай операторларға тиесілі. БҰл бағыттағы қазақстандық тәсіл өте қатал, бұл мәртебені алу қиынның қиыны. Себебі бұл - кәсіпкерге деген елдің сенімі», - деді  ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмрин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Бүгінде 7 қазақстандық компания уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін алған. Олар - «Рахат» АҚ, «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ӘК ЖШС, «Евразиан Фудс» АҚ, «Евразиан Фудс Корпорейшн» АҚ, «RG Branes Kazakhstan» ЖШС, «Азия Логистика» экспорттық-импорттық компаниясы, «KTZ Express» АҚ.

«Аталған компаниялардың қатары арта түседі деп үміттенемін», - дейді ол.

Сонымен бірге, Ғ.Әмрин аталған мәртебенің ең басты жеңілдігін атап көрсетті.

«Ең басты жеңілдік - тауарды декларациялауға дейін шығару. Қазір декларация бермесеңіз, тауарды қоймадан әкете алмайсыз. Мұндай жеңілдік бұрын-соңды болмаған. Бұл комапанияларға шығындарын азайтып, айналымын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Әмрин.

Еске сала кетсек, желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кедендік реттеу мәселелері бойынша үш заң жобасына қол қойды. Атап айтқанда, «Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы» Заң, жаңа Кедендік кодекс және оған ілеспе заң.

Соңғы жаңалықтар