Кедендік электронды декларациялауға көшу ҚР-ның бәсекеге қабілеттілігін арттырады - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана - 1» ақпараттық жүйесі бойынша кедендік процедуралардың электронды форматқа көшуі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Бұл туралы Астанада элекронды декларациялауды тың форматқа көшіру мәселесіне қатысты өткен видеоконференция барысында «Атамекен» ҰКП кедендік декларациялау департаментінің директоры Дина Мамашева атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақстанның толығымен электронды декларациялауға көшуі сөзсіз Орталық Азияның кедендік қызметіне әсер етеді. Бұл қадам Doing Business пен бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингінде бізге оң әсерін береді деген үміттемін. Біз осылайша, бизнесті енгізу бойынша барынша жеңіл шарттарды қамтамасыз ете аламыз», - дейді Дина Мамашева.

Оның айтуынша, кедендік заңнамаға халықаралық стандарттарды енгізуде Қазақстан көшбасшы болып табылады.

Дина Мамашева сонымен бірге өз сөзінде сыртқы экономика бойынша еңбек ететін мамандар Қаржы министрлігіне электронды декларациялауды кезең-кезең бойынша енгізуді сұрап отырғанын айтады. Олардың өз уәжі бар. Қазан айынан бастап кедендік процедуралардың бірі - «Кеден транзиті» бойынша пилоттық жоба басталып кеткен. Сыртқы экономикамен тікелей жұмыс істеп отырған мамандардың айтуынша, алғашқы пилоттық жобаның іске қосылғанына 2 ай болса да, әлі күнге дейін олқылықтар орын алып жатқан көрінеді. Осы себепті, аталған мамандар қалған 16 кедендік процедураны бекітілген мерзімде аяқтау мүмкін емес деп есептейді.

Еске сала кетсек, Астанадағы «Атамекен» ҰКП-да өткен «Астана - 1» пилоттық жобасының мәселелері талқыланған видеоконференция барысында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, кеден процедуралардың ішіндегі «экспорт» бағыты электронды декларациялауға көшетінін мәлім еткен болатын. Ал кедендік декларацияның қалған 16 түрі толығымен 1 ақпанға дейін тың жүйеге көшірілмек.


Фото www.atameken.kz

Соңғы жаңалықтар