Кеден саласындағы блокчейн криптовалютаны қолдануға жол ашады - Дастан Қожабеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін жарияланған Жолдауда Президент Нұрсұлтан Назарбаев кедендік операциялар кезінде блокчейн технологияларын кеңінен қолдануды тапсырды. Қазақстанның блокчейн және криптовалюталар қауымдастығының атқарушы директоры Дастан Қожабеков аталған бастаманың қалайша іске асатыны туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Меніңше, аталған бастама «Smart contract», яғни «ақылды контракт» үлгісінде жүзеге асады. Дәл осы «ақылды контракт» жүйесі блокчейннің негізінде жұмыс істейді. Оған сәйкес, тауар сатып алушы мен жеткізуші арасындағы есеп айрысу, ал кеден органдары қатысқанда жағдайда үшжақты айырбас тек цифрлық валютамен ғана жүргізіледі. Цифрлық валюта ол  - криптовалюта. Бұл дегеніміз, кедендік операциялар кезінде блокчейн технологиясын, соның ішінде «Smart contract» жүйесін қолданса, цифрлық ақшадан басқа ешқандай айырбас құралы жүрмейді. Бірақ дәл қазір бізде блокчейн мен криптовалютаға қатысты заңнама жоқ», - деді Д.Қожабеков.

Оның айтуынша, «Smart contract»  жүйесі кезінде «ақылды келісімдер» базасы жасалады. Ондайда адам порталға кіреді де, белгілі бір келісімді таңдайды. Контрагент оны бірден орындауға кіріседі. «Бұл жерде контрагентпен бетпе-бет кездесудің қажеті жоқ. Олар бір-бірімен таныспаса да болады. Электронды жүйе тауар мен қызметтерді жеткізуші компанияны өзі тауып береді. Дау-дамайлар, айыппұл салу, сот және арбитраж - бәрі-бәрі автоматты түрде жүреді. Мәселен, бір бизнесмен Қытайдан құрал-жабдықтарды импорттаса, жүкті шекарадан өткізген бойда кедендік органдарға тисті төлемдерді автоматты түрде аудара алады. Осылайша, жүк тасымалы жедел жүре бастайды», - деп атап көрсетті сарапшы.

Айта кетейік, биылғы Жолдауда ҚР Президенті жүк тасымалы дамыту мәселесіне баса назар аударып, кедендік рәсімдеу жүйесіне блокчейн технологияларын енгізуде тапсырды.

«Жүк қозғалысын онлайн режимінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет», - делінген Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»  атты Жолдауында. 

Соңғы жаңалықтар