Кеден саласында блокчейн қалай қолданылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік рәсімдеу кезінде блокчейн технологияларын қолдану жайын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кедендік бақылау департаментінің бас сарапшысы Жарқынбек Дәдікбайдың айтуынша, бас кезінде блокчейн технологияларын тек ақпарат алмасу үшін ғана қолданатын болады. Цифрлық ақша, яғни криптовалютамен өзара айырбас жүргізу қарастырылмаған. Себебі Қазақстанда электронды ақшаға қатысты нормалар жоқ. «Әзірше, бізде тиісті заңнама қабылданған жоқ. Бірақ блокчейнді қолға алғанда алғашқы уақытта оны тек ақпарат алмасу үшін қолданатын боламыз. Өйткені қалған операциялар заңнамамен бекітілмеген. Ал блокчейн сияқты технологияларды толыққанды пайдалану үшін оны алдымен бір тексеріп алу қажет. Біз қараймыз, сараптама жасаймыз. Стандартын бекіту керек. Қазіргі заңнамада электронды ақша көрсетілмеген. Сондықтан оны қалай пайдаланатымыз, ол жағын дәл қазір айту қиын», - деді Ж.Дәдікбай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшының айтуынша, өткен жылы қазан айынан бастап республика бойынша кедендік және салықтық әкімшілендірудің «Астана-1» автоматтандырылған жүйесі іске қосылған болатын. «Барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері бір платформаға қосылды. Соның арқасында құжаттарды рәсімдеу жұмысы жеңілдей түсті. Ақпараттық жүйе іске қосылғалы бері 110 мыңнан астам кедендік транзит рәсімделді. Жаңа жылдан бастап «Астана-1» жүйесіне басқа да кедендік рәсімдер қосылды. Бұрын шекарада бір көлік құралын рәсімдеп, өткізуге 68 минут, кей кезде 120 минут кететін. Ал электронды құжат айналымы іске қосылғаннан кейін ол уақыт 10-16 минутқа дейін қысқарды. Бес минуттың ішінде өткен көліктер де бар», - деп атап өтті бас сарапшы.   

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның блокчейн және криптовалюталар қауымдастығы кедендік салада блокчейн технологияларын енгізуге қатысты түсінік берген болатын. Аталған міндетті Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында белгіледі. Ұйымның бас директоры Дастан Қожабековтың айтуынша, аталған бастама «Smart contract», яғни «Ақылды контракт» үлгісінде қолға алынса, криптовалютаны қолдануға тура келеді. «Дәл осы «Ақылды контракт» жүйесі блокчейннің негізінде жұмыс істейді. Оған сәйкес, тауар сатып алушы мен жеткізуші арасындағы есеп айырысу, ал кеден органдары қатысқан жағдайда үшжақты айырбас тек цифрлық валютамен ғана жүргізіледі. Цифрлық валюта ол  - криптовалюта. Бұл дегеніміз, кедендік операциялар кезінде блокчейн технологиясын, соның ішінде «Smart contract» жүйесін қолданса, цифрлық ақшадан басқа ешқандай айырбас құралы жүрмейді. Бірақ дәл қазір бізде блокчейн мен криптовалютаға қатысты заңнама жоқ», - деді Д.Қожабеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. 

Соңғы жаңалықтар