«ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ бəскелестік туралы қағиданы бұзды - кəсіпкерлер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Кəсіпкерлер палатасы алаңында «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ мен 14 газ компаниясының басшылары бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында газ компанияларының басшылары «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясының «Зенит ТВК» ЖШС мүддесін көбірек қорғайтындығына шағымданды.

Бизнесмендердің хабарлауынша, «ҚазТрансГаз-Аймақ» өзге компаниялардан артық құжат сұратып, уақыт созып, əділ бəсекелестік қағидаларын бұзып отыр.

Сонымен қатар «ҚазТрансГаз-Аймақ» «Зенит» ЖШС қосымша əр түскен тапсырысқа 80 мың теңге төлеп отыр.

«Біздің тапсырыс берушілеріміз Алматы жəне Жетісу филиалдарында 5 аптаға дейін күтеді. Газбен қамту жобасын тіркеуге 2 апта, қабылдап тапсыру шаралары 2 апта, жобаны мақұлдауға 4 апта уақыт кетеді», - деді «Жаңа-дəуір» ЖШС өкілі Жуасбек Сейітжапаров.

Оның айтуынша, адамдар көгілдір отынға 4 айда əрең қосылады.

«ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ өкілдері болса олар ешбір команиялардың мүддесін қорғамайтындығын айтты.

«Қазір Алматы нарығында 87 компания жұмыс істеп келеді. Олардың əрқайсысының өз тарифі бар. Статистикаға бет бұрсақ, ешбір компанияның мүддесін қорғап жатқан жоқпыз. Біздің басты міндетіміз бəсекелестерді ығыстыру емес, ең алдымен халыққа сапалы қызмет көрсету. Мəселен басқа аумақтарда газдан улану жағдайлары болса, бізде ондай дерек тіркелген жоқ. Ақпанда 216 үйге газ тартылды. Олардың ішінде 64 үйге біздің компания газ тартты. Бүкіл нарықты біз жаулап алды деген артық сөз», - деді Алматы өндірістік бөлімшесінің директоры Шалқар Омарбеков.

«ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ өкілдері техникалық құжаттарды рəсімдеуге қатысты Алматы əкімдігі үлкен жұмыс атқарып жатқандығын айтты.

«2016 жылдан бері техникалық құжаттарды 5 күн ішінде береміз. Бұл құжаттама процесінің автоматтандырылғанының арқасында мүмкін болып отыр»,- деді компания өкілі.

14 газ компаниясының өкілі газ тапсырыстарын тендерден алып тастап, кезек арқылы компаниялар арасында бөлуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар