KazSat жүйесін Қырғызстан мен Өзбекстан кеңістігіне шығару жұмыстары жүргізілуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесінің қызметтерін ілгерілету мақсатында Франция, Испания, Ұлыбритания, Ресей және АҚШ-пен тығыз жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен мәлім етті.

Қазіргі таңда Қазақстанда екі ғарыштық жүйе бар. Атап айтқанда, олардың қатарында «KazSat-2» және «KazSat-3» байланыс спутниктерінен тұратын «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі, сонымен қатар «KazEOSat-1» мен «KazEOSat-2» Жерді қашықтықтан зондтау  спутниктерін қамтитын екінші  жүйе жұмыс істеуде.

«Бүгінде «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі қызметтерін тек отандық ұйымдар, соның ішінде Қазақстан Республикасының ірі телекоммуникация операторлары, ұлттық компаниялар, әлеуетті құрылымдар, құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ елдің жеке компаниялары қолданады. Сонымен қатар, «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінде Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясы секілді шекаралас мемлекеттердің аумағында бекітілген спутниктік байланыс қызметтерін ұсыну мүмкіндігі бар. Шекаралас мемлекеттер нарығына шығу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біз үшін жеке ғарыштық байланыс жүйелері жоқ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан тәрізді елдер нарығының маңыздылығы басым», - деп атап өтілген ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәліметінде.

Сонымен қатар ведомство өкілдері 2017 жылы «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінің қызметтерін ұсынудан түскен таза табысы бойынша ақпарат қаржылық есептіліктің аудиторлық қорытындысы нәтижесінде ғана белгілі болатынын атап өтті. Шамамен 2018 жылдың наурыз-сәуірі кезінде нақты табыс көлемі жарияланбақ.

«Қазақстанның Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесіне келетін болсақ, қазіргі таңда аталған ғарыштық жүйесінің қызметтері мен өнімдерін тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдерінде де кеңінен пайдаланады. Мәселен, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесінің ұлттық операторы ҚР ҚАӨМ Аэроғарыш комитетінің «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ сыртқы нарықта Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесінің өнімдері мен қызметтерін ілгерілету мақсатында Франция, Испания, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ секілді мемлекеттермен тығыз жұмыс атқаруда. Бүгінге «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның 2016-2017 жылдары сыртқы нарықта Жерді қашықтықтан зондтау мәліметтерін коммерциялық іске асырудан түскен жалпы табысы 133 млн теңгені құрайды», - деп атап өтілген министрлік деректерінде.

Соңғы жаңалықтар