KazSat-2-ні алмастыратын жаңа спутник қандай болмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «KazSat-2» жер серігін алмастыратын жаңа спутник жайында толық айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«KazSat-2R» спутнигін қолданысқа енгізу - бірінші кезекте  қазіргі кездегі спутниктік байланыс пен  телерадио хабарларын тарату желілерінің жұмысын тұрақты түрде қамтамасыз етуге негізделген. Бұл тұрғыда Қазақстанның барша аумағында орналасқан 4 000 жуық жердегі спутниктік байланыс стансалары бар. Сондай-ақ спутниктік байланыс бойынша 12 оператордың және ұйымдардың қажеттігін қамтамасыз ету ескерілген», - деп атап өтілген министрліктің Парламент Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясының депутаттық сауалына берген жауабында.

  Ведомство мәліметінше, «KazSat-2R» жобасы аясында жоғары жылдамдықты Интернетке қолжетімділікті толықтай қамту мақсатын шешуге мүмкіндік беріледі. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасы салаларын цифрландыруға жағдай жасайды. «Осы жағдайда перспективалы спутник ауылдық елді мекендерде кең жолақты Интернет желісін және ұялы байланысты құру үшін жұмыс істейді. Сонымен қатар жер серігі қолданыстағы спутниктік байланыс желілері мен телерадио хабар тарату қызметін ұйымдастыруға бағытталған», - дейді министрлік өкілдері. Қазіргі уақытта жаңа спутниктің техникалық кескіні мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе пысықталуда. Сонымен қатар техникалық шешімдердің түрлі нұсқалары да қарастырылып жатыр. Белгілі болғандай, ведомствоаралық жұмыс тобының қорытындысы биылғы қарашаның соңында жасалады және осы жұмыстар Үкіметтің қарауына енгізілмек.

 Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин Қазақстанда «KazSat-2» жер серігі ауыстырылатынын айтты. «KazSat-2» жер серігінің жұмыс уақыты 2023 жылға дейін негізделген, яғни ол 12,5 жыл қызмет етуі тиіс (2011 жылы ғарышқа шығарылды). Сондықтан біз осы жылдан оның орнына жаңа ғарыш аппаратын дайындау жобасын іске асыруды бастадық. («KazSat-2R»). 2023 жылы жаңа спутникті сол нүктеге орналастырамыз және бұл шаралар байланыс операторларына кедергі келтірмейді»,-деген еді Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін. Оның сөзіне қарағанда, «KazSat-2» салынған ақшаны 2018 жылы, ал «KazSat-3» 2021 жылы ақтап, осыдан кейін таза кіріс әкеледі.

Соңғы жаңалықтар