«Қазпошта» сәлемдемелерінің жоғалуы небәрі 0,03 пайызды ғана құрайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» сәлемдемелерінің жоғалуы небәрі 0,03 пайызды ғана құрайды. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында «Қазпошта» АҚ-ның бизнес жөніндегі басқарушы директоры Азат Машабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы біз арқылы 100 миллион сәлемдеме өтті. Оның ішінде жоғалу дерегі 0,03 пайызды құрайды. Трансформациялаудың барлық жұмыстары дәл осы бағытта жүргізілуде. Біз жоғалатын сәлемдемелелер санын барынша төмендетпекпіз.  Көп жағдайда біздің еш кінәміз болмайды.  Өйткені, интернет-дүкеннен Қазақстанға дейінгі тізбекке 3-4 пошта мен 2-3 тасымалдаушы қатысады. Қазіргі уақытта Қазақстанға сәлемдеме келген кезде оның ішінде салынған тауардың болмай қалуы жиі кездесетін болды. Яғни, аталған тауар жолда жоғалып кетеді», - деді ол.

Басқарушы директордың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта «Қазпоштада» арнайы тұрақты комиссия жұмыс істейді. Ол сәлемдеменің қандай бағдармен жүргенін анықтап, тауар жоғалған жағдайда пошта әкімшілігіне хабарласып отырады.

«Барлық сауалдарға жауап беретін call-орталығымыз да бар.  Ол сәлемдемелерді іздеу және аталған проблеманы шешумен айналысатын арнайы топ.  Айта кетерлігі, қалай десек те адами фактор қала береді. Дегенмен, 0,03 пайызды көп деп ойламаймыз. Бүкіләлемдік пошта одағының сенімділік рейтингіне сәйкес біз 26 орында, ал ТМД елдері ішінде бірінші орында тұрмыз», - деді Азат Машабаев.

Соңғы жаңалықтар