Қазіргі екі заңның Конституцияға ешбір қатысы жоқ - Әділет министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін әділет министрлігі билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілер мен конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізді. Вице-министр Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, аталған құжаттар Конституцияға өзгеріс енгізуді көздеп отырған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы бастаманың аясында Президенттің бірқатар өкілеттіліктерін Үкіметке беру көзделген. Біріншіден, бүгінде республикалық бюджеттік комиссияны Мемлекет басшысы бекітсе, ендігі кезекте аталған міндетті Үкіметке беру жоспарланып отыр. Себебі бюджет қаржысының игерілуіне онсыз да Министрлер кабинетінің өзі жауапты. Сосын республикалық бюджетті атқару тәртібін де Үкіметтің мойнына жүктелмек», - дейді Баймолдина.

Бұдан бөлек, кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында Үкіметтің Президентке ғана емес, Парламентке де есеп беруі қарастырылған.

Министрлер кабинетінің мүшелері депутаттардың алдында атқарылған жұмыстармен бірге бюджеттің атқарылуы бойынша есеп беретін болады. Экономиканың басымды бағыттарын да Үкіметтің өзі анықтайды. Осыған байланысты жауапкершілік те артатын болады.
null  

«Билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелеріне арналған екі заң жобасының Конституцияға енгізілетін өзгерістерге ешбір қатысы жоқ. Ол мәселеге қатысты бөлек заң жобасы болуы шарт», - деп атап көрсетті вице-министр.

Айта кетейік, билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу жұмысы аясында бірінші заң тұжырымдасымен 4 кодекспен 21 заңға өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Ал екінші тұжырымдама бойынша 3 конституциялық заңды өзгерту керек. Вице-министр Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, наурыздың 15-сіне дейін аталған екі заң жобасын Парламенттің қарауына енгізу көзделіп отыр.

Құжаттардың толық атауы - "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасы және "ҚР кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасы. Аталған екі құжатты да әділет министрлігі әзірлеп отыр. Бұған дейін өткен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Баймолдина ханым билік өкілеттіліктерін қайта бөлгеннен кейін Үкімет мүшелерінің жауапкершілігі қалайша өзгеретіні жайында айтып берген . 

Соңғы жаңалықтар