«Қазгидрометтің» Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық соты «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының бұрынғы директоры Дәулет Оралымбековке қатысты айыптау үкімін жария етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, директор 2015-2016 жылдары қызмет бабын асыра пайдаланып, өзіне пайда табу мақсатында аталмыш филиал қызметкерлеріне төленетін сыйақыдан - 1,541 млн теңге, жалақыға қосылатын үстеме ақыдан - 1 638 592 теңге және іссапар шығындарынан 1 588 901 теңге заңсыз ақша жинауды ұйымдастырған. Сонымен қатар филиал қызметкерлері іссапарда небәрі үш күн болса да, оған облыс аудандарында 54 күн  болды деп, ресми құжатқа көрінеу жалған деректер енгізген. Іссапарға деп алынған қаржы Д.Оралымбековке беріліп отырған.

Д.Оралымбеков ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлімі 3-тармағы (өзіне пайда табу мақсатында қызмет бабын асыра пайдалану) және 369-бабы 1-бөліміне сәйкес (қызметтік жалғандық) айыпты деп танылып, ҚК 58-бабы 3-бөлімі қолданылып, мүлкін тәркілеумен және өмір бойына мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырумен бірге 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Оған қоса сотталушыдан «Қазгидромет» РМК түріндегі мемлекет пайдасына 1 588 901 теңге шығын өндірілді.

Сот үкім тағайындаған кезде оның асырауында кәмелетке толмаған баласының бары  ескерілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар