Қазавтоөнеркәсіп еліміздің ІЖӨ-сіне үлес қосуда фармацевтиканы басып озды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Өткен жылы отандық автомобиль өнеркәсібі еліміздің ішкі жалпы өніміне үлес қосуда фармацевтика мен тоқыма өнеркәсібін басып озды. 

Бұл туралы ҚазАқпарат «Қазавтоөнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағына сілтеме жасап хабарлайды.

«2016 жылдың қорытындысы бойынша республика ІЖӨ-сінің құрылымындағы автоөнеркәсіп кәсіпорындарының үлесі 71,1 млрд. теңгеге жетіп, фармацевтика (42,4 млрд. теңге), тоқыма (39,2) өнеркәсібі сынды салалардың көрсеткіштерінен біршама артып, жеңіл өнеркәсіп көлеміне (79,4 млрд. теңге) жетіп қалды», - делінген хабарламада.

Компания ақпаратына сәйкес, 2016 жылдың қорытындысында республика бойынша  71,1 млрд. теңгеге 11 047 бірлік автокөлік құралы шығарылған. Бұл 2015 жылдың көрсеткішінен 26 пайызға төмен. Отандық нарыққа 8397 жеңіл көлік жөнелтілген. Ал қазақстандық кәсіпорындар 2016 жылдың қорытындысында жүк көліктерін шығаруды 22,5 пайызға (1892  көлік) арттырған. Аталған кезеңде 362 автобус жасалды.

«2015-2016 жылдары автомобиль өндірісі көрсеткіштерінің қысқаруының негізгі себебі нарық белсенділігінің күрт құлдырауы болды. Мәселен, 2016 жылдың 12 айының қорытындысында ресми дилерлер барлық санаттағы автокөлік құралдарының 46,8 мыңын сатты. 2015 жылы 97,5 мың көлік сатылған болатын», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар