«ҚазӘуеҚұтқару» мен «Қазәуеорманқұтқару» мекемелерінің басшылары сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «ҚазӘуеҚұтқару» АҚ басшысы Мәлік Досымбеков пен «Қазәуеорманқұтқару» РМКК директоры Төлеуғазы Сексенбаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Алматы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мартпек Кәкімжанов «ҚазӘуеҚұтқару» АҚ басшысы Мәлік Досымбековты 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Ал «Қазәуеорманқұтқару» РМКК директоры Төлеуғазы Сексенбаев 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Екеуіне де өмір бойы мемлекеттік қызметке тағайындалуға тыйым салынды.

Айта кету керек, Сексенбаев пен Досымбеков құны 12 млн доллар болатын «МИ-171Е» тікұшағын сатып алу туралы келісімге қол қою үшін шетелдік компания өкілінен 50 000 АҚШ доллары көлемінде пара алған соң ұсталған болатын.
Ұлттық бюро өкілдерінің хабарлауынша, жалпы келісілген пара көлемі 100 мың АҚШ доллары болған. Одан бөлек айыптау актісінде Төлеуғазы Сексенбаевтың тікұшақтарды жеке мақсатына пайдаланып, айналасындағыларды тегін тасымалдағаны аталып өтті.

Осылайша ҚР АШМ «Қазәуеорманқұтқару» РМКК директоры Төлеуғазы Сексенбаев ҚР ҚК сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін жымқыру, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануға көмектесу, өзгенің мүлкін жымқыруға итермелеу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, пара алу баптары бойынша айыпталды.

Ал ҚР ІІМ ТЖК «Қазәуеқұтқару» АҚ директоры Мәлік Досымбековке ҚР ҚК-нің сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін жымқыру, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалануға көмектесу, өзгенің мүлкін жымқыруға итермелеу, қылмыстық топтың мүддесі үшін қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, пара алу баптары бойынша айып тағылды.

Соңғы жаңалықтар