Қазақы тазыға шынайы құрмет керек - Рауан Сатыбалдиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ даласында иттің қадір-қасиетін біліп, тазы жүгірткендер аз болмаған. Алайда олардың қатары кейін сирексіп кеткені жасырын емес. Сондай жандар ел ішінде сирек болса да бар. Соның бірі, қазіргі кезде Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы қызметін атқаратын Рауан Сатыбалдиевпен ит жылы қарсаңында «ҚазАқпарат» тілшісі әңгімелескен еді.

null

-Рауан,
«Ит - жеті қазынаның бірі» дейді, бұл жөнінде не айтар едің?

-Мен қазақтың құмай тазысы ғана осындай құрметке ие болуы тиіс деп ойлаймын. Ит жүгірту көшпенділер тұрмысының ажырамас бөлігі болған кезде ата-бабамыз осы бір текті ит тұқымын ғана жеті қазынаның біріне жатқызған. Өзі тақылеттес басқа иттерге қарағанда, иісшілдік, ұшқырлық, төзімділік сынды көптеген қасиетті бойына жинаған қазақы тазының шоқтығы қашанда биік тұрмақ. Ашаршылық кездерде бір тазы бір ауылды асырағаны туралы әңгімелерді үлкендерден естіп өстік. Өзімнің атам Сатыбалды да тазы жүгірткен. Сол кісінің аузынан көптеген қызықты әңгімелер естіп, тазыға деген құмарлығым арта түсті. Бала күнімде әкем бір жерден тазыға шатыс күшік көрсе, әкеліп беретін. Себебі таза тазы күні кешеге дейін біздің өңірде болған жоқ.

Қазақ халқы Кеңес үкіметіне қосылғаннан кейінгі көптеген саяси-экономикалық, әлеуметтік өзгерістер мен дағдарыстар тазы тағдырын да айналып өткен жоқ. Ашаршылық жылдары құрып кете жаздаған тазылар соғысқа дейінгі жылдары қайта көбейді. Белгілі ғалым, биология ғылымдарының докторы Аркадий Слудский өз еңбектерінде 1936-38 жылдар аралығында тазы санының 1 мыңнан 4 мыңға дейін өскенін айтады. Тазылардың ең көп тараған аймағы бұрынғы Орал, Гурьев (Атырау) облыстары болған. Кейіннен аң терісіне деген сұраныстың төмендеуі мен дәстүрлі құндылықтардың ұмытыла бастауы тазылардың санының кемуіне әкеліп соқты. Аздаған тазы жанашырлары ғана таза тазы қанын сақтап қалуға тырысқанымен, олардың ізін басқан жандар болмады. Соның салдары тәуелсіздік алған тұстарда біздің аймақта тазылар мүлде қалмады десе болады.

null  

-Тазы асыраудың қиындығы мен қызығы қандай? Бағып-қағуы туралы не айтар едің?

-Тазы асырамас бұрын алдымен осы ит тұқымын дұрыс танып алған абзал. Ересек кезінде бұйығы, жуас болғанымен, күшік уақытында тым ширақ және қағылез келеді. Дер кезінде дұрыс баулып, үйретілмесе, үй құстарына, жануарларына да ауызданып кетуі мүмкін. Әсіресе, аудан орталығында немесе қалада тұратын мал асырамайтын жандар үшін қиындық тудырады. Сондықтан тазы баулу күшік күнінен басталған жөн. 3-4 айлығынан  бастап кең далада қыдырту керек. Аң терісін жіпке байлап, қудырып, бойындағы аңқұмарлық қасиеттерін ояту да осы уақыттан басталуы тиіс. 8 айлық уақытынан қоян қудырып бастауға болады. Ит жүгіртіп жүрген кейбір жандар 6 айлық кезінен аңға салып жатады. Бұлай асығыстық танытпаған жөн. Себебі кез-келген ит 4 айынан бастап тісейді (сүт тістің орнына сүйек тіс шығады) және дене мүшелері қалыптасып, өсу процесі жедел жүре бастайды. Осындай кезде ұзаққа жүгірту немесе аңға ілестіріп жүру тазының дене мүшесінің қалыптасуына нұқсан келтіруі мүмкін. Ұясына толмай, яғни, жастан аспай азулы аңға (қарсақ, түлкі, борсық) салынған жас иттің беті қайтып қалуы мүмкін. Керісінше ұзақ уақыт үйде ұстап, ұясына толған тазыны ауыздандырмасаңыз, мойыны қатып, көп жағдайда қоян, қарсақ сынды жүйрік әрі айлалы аңды алуға жарамсыз болып қалады. Сондықтан тазы баулудың уақытын қатаң қадағалау керек. Тамақтандыруы мен тазалығына да аса мән берген жөн. Тазы - түрі нәзік көрінгенімен, аңға түскен кезде бетті,  қайсар ит. Сонымен қатар үстінен бөгде иіс шықпайтындығы тазы күтімін жеңілдете түседі. Алайда, күшік күнінен арнайы екпелерін салып, өсуіне қажетті дәрумендерге бай тамақтармен асыраған абзал. Жыртқыш аңдарға түсетіндіктен, құтыру ауруына қарсы жыл сайын егілуі тиіс.

null  

-Құсбегілер секілді, тазылар сайысын кең көлемде ұйымдастыруға бола ма?

-Әрине, болады. 2017 жылдың қыркүйек айында Тасқала ауданының күніне орай аудан әкімдігінің қолдауымен «Ит төресі - тазы» атты тазылардың жарысын өткізген болатынбыз. Бұл сайыста тазылар механикалық қоян қуу арқылы сынға түсті. Шараға көптеген аудандар мен қалалық итбегілер қатысты. Көрермендер тарапынан да қызығушылық көп болды. Әсіресе, ресейлік делегация өкілдері қазақы тазыға деген қызығушылықтарын жасыра алмады. Өткен желтоқсанда қоянға аңшылық маусымы ашылған соң дәл осы атаумен тазылардың далалық сынағын өткіздік. Айта кету керек, осы шараның ұйымдастырылуына Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев тікелей ықпал етіп, өзі ортасында болды.  Сайысқа облыс аудандарымен қатар ақтөбелік итбегілер де қатысты. Далалық сынақтың негізгі мақсаты - тазыларды тірі қоянға салып, ұшқыр, ептілерін анықтау. Осылайша сұрыптау арқылы құмайлардың қанын жақсарту. Биылғы мамыр айының басында да аудан әкімінің ұсынысымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ит төресі - тазы» атауымен тазылардың көрме-сайысын өткізу жоспарлануда. Тасқала топырағында өтетін шараға Астанадан арнайы сарапшы қатысып, тазылардың түр-тұлғасына, тазалығына баға бермек.

Бір айта кететін жайт, тазының шығу тарихына қатысты түрлі пікір бар. Бірі тазыны арабтың салюккиінен шыққан десе, кейбіреулер керісінше араб иті қазақы тазыдан тараған деген уәж айтады. Ал арабтарға келер болсақ, өздерінен шыққан салюккиді әлдеқашан әлемге танытып, халықаралақ кинологиялық қауымдастыққа мойындатып тастаған. Олар үшін мұндай даудың құны көк тиын. Қазақ жеріндегі тазылардың стандарты бекітілгенімен, әр облыс өз тазысын қазақы құмайдың эталоны ретінде қарап, бір ымыраға келер емес. Бізден талап етілетіні бір-ақ нәрсе. Ол - таза тұқымды тазылар санын мыңға жеткізіп, арнайы реестрге тіркеу. Қазірдің өзінде қазақ даласындағы тазылар саны мыңнан кем емес. Әркім көрпені өзіне тартып, қалайда өз тазысын биік қою үшін қызылкеңірдек болып жүрер болса, бұл даудың жуық маңда бітпесі анық.

null  

 -Биылғы ит жылынан не күтесің?   

-«Қазақы тазыға деген шынайы құрмет қалыптасса» деген ой менің басымнан шыққан емес. Осы бір ұлттық құндылығымыз мемлекет назарына ілігіп, тазы тұқымын тазартумен шынайы мамандар шұғылданса, нұр үстіне нұр болар еді. Тазы - қазақтың дәстүрлі құндылығы. Кез-келгеннің босағасында байланып, барақ иттің күйін кешпеуі керек.  Өзі аз тазыны жүйрік қыламын деп басқа иттермен қан араластыру -бүгінгінің белең алып тұрған мәселесінің бірі. Осындай ессіз әрекет текті иттің ертеңіне балта шабу және өзіңнің ұлттық брендіңді құрметтемеу деп білемін. Биылғы ит жылында ойлаған жоспарларымыз жүзеге асып, бүкіл қазақ халқына ырыс-береке мен ынтымақ орнасын. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

null 

Соңғы жаңалықтар