Қазақтың ұлы ақын-жазушылары жайлы көркем фильм неге түсірілмейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында Астанада кинотеатрдан «Көбелектің түсі» атты түрік фильмін тамашаладық. Керемет әсер алдық. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында өмір сүріп, аз ғұмырында жасындай жарқ еткен түріктің екі ақыны Рюштю Онур мен Муззафер Тайип Услу туралы фильм. 15 млн долларға түсіріліп, 2013 жылы жарыққа шыққан. Фильмге екі ақынның өмірі мен өлеңі арқау етілген.

Риясыз достық, кіршіксіз махаббат, өлеңге деген ғашықтық, әлеуметтік ахуал түгел көрініс тапқан. Түріктердің өз киносын Қазақстанға әкеліп, тегін көрсетіп, сол арқылы мәдениетін насихаттап жатқаны өз алдына бөлек әңгіме. Әйтсе де, шытырманға толы ширықпалы сюжеті болмаса да қаржы аямай осыны түсіргенін, кейін «Оскар» жүлдесіне ұсынғанын айта кету керек.

Фильм көкейде бір сұрақтың ұшын шығарды. Неге біздің елде ақын-жазушылар өмірі жайлы, әдебиетті, өнерді насихаттайтын көркем фильмдер жоқ?  Режиссер құлықсыз ба? Әлде көрермен тарапынан сұраныс жоқ па? Әрісін қойып, берісін айтсақ, кітап пен әдебиеттен алыстап кеткен бұқараның бетін бері бұрып, бүгінгінің «Тоқал», «Тараз» сынды коммерциялық киноларымен күресте күшті құрал болар еді. Абай мен Шәкәрімнен бастап, өткен ғасырдағы қуғын-сүргінді көп көрген Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезовтердің, бертін келе Бердібек Соқпақпаевтардың тағдыр талайы тамаша тарихи көркем фильмге сұранып-ақ тұрған жоқ па? Қазақтың кинокартиналарын санамалап, дәтке қуат болар дүние таппаған соң, осы сұрақтарды кино білгірі Досхан Жолжақсынов пен Ерлан Төлеутайдың алдына тартқан едік.  

Досхан Жолжақсынов: Арзанқол кино арқылы көрерменнің талғамын бұзып алдық
null

«Бұл өзі күрделі мәселе. Оған алдымен сценарий жазу қажет. Сценарийдің кілтін табу керек. Онымен не айтқыңыз келеді? Нені жеткізгіңіз келеді? Кез келген драматургиялық дүние кедергіден тұруы тиіс. Кедергісіз ештеңе ширатылып шықпайды. Әр режиссердің алдына қойған өз мақсаты бар. Ол мақсаттың бәрі ішкі сұранысқа барып байланатыны хақ. Көрерменнің сұранысын қанағаттандыратындай болу үшін әбден қорытып, жан-тәніңнен өткізіп шығару қажет. Және «Оны көрермен көре ме? Ол қажет пе?» деген сұрақтарға жауап беру үшін ақын мен қоғамның байланысын жеткізе білу керек. Бір адамның басына байланып қалуға тағы болмайды. Біз «Біржан салға» бес жыл, «Құнанбайға» бес жыл дайындалдық. Таласбек Әсемқұлов дүние салғаннан кейін мұндай дүниелерді жазатын адам да жоқ. Мәселен бір фильмге Мұхтар Әуезовтің өмірбаянын өзек етіп алуға болады. Батыр қыздарымыз, Бигелдинов, Қошқарбаевтар бір-бір тақырыпқа тұрарлық. Күләш апамыз, Нұрғиса, Шәмші ағаларымыз туралы туындылар шықты. Бүгінгі күні бәрі бірдей көркем фильм болып шықпауы мүмкін, басым бөлігі ақпараттық дүниелер. Қоғамда ақын-жазушылардың орны зор ғой. Жалпылама түсіре бермей оған да ойланып келу керек. Қазір кез келген дүниені экран көтере бермейді. Біз көрерменді «Тоқал», «Тараз» фильмдерімен жаман үйретіп алдық. Көрермен амалсыз алдынан шыққанды көре береді. Талғамын бұздық. Ол дүниелер шикізат сияқты. Не ой салмайды, не есіңде қалмайды, не шешімі табылмайды. Кино ма сол?

Кино жүрдім-бардым түсіріле салатын дүние емес. Қоғамның талабына сай болуы тиіс. Күні туғанда ақын-жазушылар туралы көркем фильм түсіріледі. Және оны кез келген режиссер түсірмейді. Себебі үлкен тақырыптарды жеткізу үшін, ұлттық режиссер болу үшін қазақша түс көретін, қи мен жусанның иісін сезетін режиссер болуы керек. Қазіргілердің көбісі Қазақстанда туған, өзге елде білім алған, орысша сөйлейді, қазақшасы жүрдім-бардым. Ал арғы жағында ұлттық тұғыр жоқ. Көшелі дүниелерге бара алмайды. Маргиналдық дүниелердің туындап жатқаны сондықтан. Ұлттық мінез болмағаннан кейін бәрі бекер».

Ерлан Төлеутай:  Абай туралы жөні түзу фильм түсіре алмағанымыз елдігімізге сын
null

Кейінгі жылдары Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезов, Әлжаппар Әбішев, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин туралы, т.б. көптеген деректі фильмдер түсірілді. Бірақ көркем фильмдер жоқ. Өткен ғасырдың 40-жылдары ғана Абай туралы Мұхтар Әуезовтің күшімен бір фильм түсірілді. Сонымен тоқтады. Жамбыл туралы Шәкен Айманов сомдаған бір жақсы фильм бар. 90 жылдары Жамбыл туралы фильм аса сәтсіз шықты. Махамбет туралы Сламбек Тәуекелдің фильмі бар. Мұндай фильм түсіруге Үкімет тарапынан ықылас болған емес. Тек Абайдың 150 жылдығына арнап бір фильм түсірілді. Ол да сәтсіз шықты. Барлығы қаржының жоқтығын сылтауратады. Бірақ бұл сылтаудың ар жағында ықылассыздық жатыр. Осы уақытқа дейін Абай туралы жөні түзу фильм түсіре алмағанымыз елдігімізге сын. Мәселен, қытайлар Абай туралы 100 сериялы мультфильм түсіреміз деп анау жылы фильмнің концепциясы мен екі сериясын маған жаздырып алып кеткен. Олар Қазақстанмен бірлесіп түсіруге ықыласты болды. Бірақ біздің жақ оң қабақ танытпады. Ақырында менің идеям, екі сериям қолды болды. Қазір қытайлар «Абай» анимациялық фильмін өздері түсіріп жатыр. Ал енді қытайлар Қазақстанда екі жыл өмір сүрген қытай композиторы туралы фильм түсіреміз деп еді, біздің үкімет «ұшып» кетті. Қазір бәрі дүрлігіп осы фильмнің соңында жүр. Ал Абай, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Қасым, Мұқағали, Жұмекен туралы фильм түсірейік десе біреуі қозғалмайды. Меніңше, бұл ұлттық идеологияның жоқтығынан. Біз әлі Ресейге жалтақтаймыз, енді Қытайға жалтақтай бастадық. Екінші бір мәселе біз шетелдік мәдени экспансияның құрсауында қалдық. «Тараз», «Келинка» деген киносымақты түсіріп жүрген режиссерсымақтарға тобырлық мәдениеттің шалығы тиген. Олар ешқашан да Абай мұхитына, Мұхтар Әуезов тереңіне бойлай алмайды. Сосын елімізде ұлттық кино түсіруге дүниетанымы сай, білімі мен білігі жететін ұлттық деңгейге көтерілген режиссерлер азайып барады. Қазір бізде ұлттық тақырыпқа бара алатын саусақпен санарлықтай ғана режиссер қалды. Олар Сатыбалды Нарымбетов, Досхан Жолжақсынов, Рүстем Әбдірашев, Ақан Сатаев, Сәбит Құрманбеков. Бұл тізімге әлем таныған атақты режиссер Дәрежан Өмірбаевты қосар едік. Кейінгі кезде жас буыннан Елзат Ескендір атты режиссер шықты. Елзаттың Кореядан әкелген бәйгесі бізді шын қуантты. Болашақта ұлттық фильм түсіруге деңгейі жететін режиссерлерімізді мемлекет қорғауына, қолдауына алуы керек.  Өйткені елімізде күлдібадам кинолардың дәуірі басталып кетті. Түкке тұрмайтын сериалдар түсіріле бастады. Алаяқ продюсерлердің дәурені жүріп тұр.  Продюсерлерге бақылауды күшейтетін заңдық тұрғыдағы тетіктер болуы керек. Мемлекет бөлген ақшасының әр тиынына дейін қадағалайтын бақылау тетіктері жұмыс істеуі керек. Сосын ұлттық фильмдер түсіру жөнінде ұзақ мерзімді концепциямен үлкен бағдарлама жасалуы қажет. Осылайша ұлы ақындарымыз бен жазушыларымыз туралы фильм түсіруді қолға алу керек. Ол жөнінен Голливуд деп аузымызды кермей-ақ, мына көрші Ресейден ұялмай үлгі алуға болады».

P.S: Түйін оқырман мен режиссерлердің еншісіне. 

Соңғы жаңалықтар