Қазақтың халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген анимациялық мультфильмдер жинағы жарық көрді

None
None
АЛМАТЫ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматыда ертең, 30 қаңтар күні қазақтың халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген анимациялық мультфильмдер жинағының тұсаукесері өтеді.

Оны әкімдіктің тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында әзірлеп отыр. Ондағы мақсат - мемлекеттік тапсырыспен, жаңа технологияларға сай шығарылған мультфильмдер жинағын көпшілікке таныстыру, қазақ тілін үйретуге арналған көмекші-әдістемелік құрал ретінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін қамтамасыз ету. Қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 40 сериялы мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасы бойынша шығарылған.

"Бұл жоба бүлдіршіндерге ертегі арқылы тіл үйретудің жеңіл әрі ойнақы тәсіліне негізделген. Балалардың жас ерекшелігіне сай анимациялық, мультипликациялық көріністер олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, есте сақтау қабілетін дамытады. Балалар есту, көру, қайталау арқылы сөздерді дұрыс айтуға жаттығады. Заманауи технологияның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, 3D-форматта түсірілген мультфильмдер балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын дамытуға, танымын, қабілетін арттыруға зор септігін тигізеді", - дейді басқарма маманы Қымбат Нұрсұлтанқызы. Оның айтуынша, бұл жинаққа «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты 85 сериялы мультфильм, әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша суретті аудио-сөздік енгізілген. Анимациялық мультфильмдер жинағын жарыққа шығарудағы мақсат - мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тіліндегі қарым-қатынастық орта қалыптастыру, коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі қазақ тілінің қолданылуы аясын кеңейту. Жаңа инновациялық технологияларды тиімді пайдалану арқылы өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін үйрету сапасын арттыру, тіл үйрену дағдыларын дамыту.

Соңғы жаңалықтар