Қазақтың ән әлемін бесік жырларымен толықтырғым келеді - Шаба Әденқұлқызы, дәстүрлі әнші

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін елге оралып, халық әндерін шебер орындауымен, композиторлығымен көпшілікке таныла бастаған әнші, композитор Шаба Әденқұлқызын әңгімеге тартқан едік.

- Атамекенге келгеннен кейінгі өнер жолыңыз қалай басталды?

- Мен атамекенге 2002 жылы шілде айында келдім. Келе салып Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Дәстүрлі ән» мамандығы бойынша оқуға түстім.  Ұстазым профессор, халық әртісі Қайрат Байбосынов. Алғашында дайындық курсты ақылы түрде оқып жүріп, Қайрат ағайдың жетектеуімен «Сарын» ансамблінде әнші болып жұмысқа тұрдым. Сөйтіп жеке орындаушы ретінде сол «Сарында» консерваторияға танылуымның арқасында,  дайындықтың екінші жылдығында мені аталған оқу орыны грантқа ауыстырды.  Бұндай бағалау менің Қазақ еліне келгендегі ең алғашқы көрген жақсылығым, марапатым деп айтуға болады.  Содан кейін толық курске емтихан тапсырып, грантпен өттім. Оны қызыл дипломмен тәмамдап, екі курстасыммен бірге ректордың  арнайы бөлген қаражатымен магистратураны оқып шықтық. Бұл менің елімізден көрген екінші  жақсылығым деп айтар едім.

- Өнерде алға ілгерлеу үшін міндетті түрде өзгелердің қолдауы қажет. Сізге ұстаздарыңыздан өзге басқа адамдар болды ма?

- Менің сахнаға шығуыма көмек қолын созған адамның бірі сол кездегі «Терісқақпай» театрының әртисі Ұлан Нүсіпәлиев болды. «Терісқақпай» әр реткі концерттерінің сахнасына мені шығарып отырды. Сондықтан да атамекендегі қанатқақты қадамдарыма көмектескен Ұлан Нүсіпәлиевтей ағама айтар алғысым көп. Әрине өзіме қол ұшын созған адамдар Ұлан ағамен ғана шектелген жоқ. Ең алғашқы келген жылдардан бастап маған  айырықша қолдау көрсеткен өнер жұлдызы Меруерт Түсіпбаева. Ол кісі 2000-шы жылы Қытайға гастролдік сапармен барғанда сол жақтан менің  ән албомымды сатып алған. Кейін сол албомда айтылған өз туындым «Туған жер» деген әнімді орындап жүрген еді. Кейін мен Қазақстанға келді дегенді естіп, арнайы іздеп жүріп тауып, үйіне апарып, қонақ етіп, сый-сияпатын беріп қайтарды. Содан кейін туған әпкем сияқты араласып кеттік. Менің сахнаға шығуыма, әндерімнің өңделуіне, басқа да әртүрлі жақтардан көмектесіп тұрды. 

- Сіз алғашта сахнаға эстрадамен келген едіңіз. Кейін халық әндері бойынша оқу оқыдыңыз. Тағы бір жағынан композиторлық талантыңыздың бар екенін білеміз. Сол жағын жалғастырып жүрсіз бе?

- Сазгерлігім туралы айтар болсам ол құдайдың маған берген бір сыйы болар деп ойлаймын. Дайындалып, өйтіп-бүйтіп әнші, биші болуға болатын шығар. Ал композитор болудың жөні бөлек. Мен ән жазайын деп ойланып отырып жазбаймын, ән ойыма өздігінен келеді. Келген әуенге өлең іздеймін. Егер ол әуенге сайма-сай өлең табылмаса сахнада ән болып шырқалмай да жатады. Себебі әуен сөзіне сәйкес болуы керек.  

- Қазіргі уақытта композитор ретінде қанша әніңіз бар?

- Отыздан астам әнім бар. Көп әндерім ел алдында шырқалып жоғары бағасын алып жүр. Жүректен шыққан әуендерің елдің жүрегін тербетіп жатса нұр-үстіне нұр. Бұл сазгердің үлкен бақыты.

- Өнерпаз ретінде туған жеріңізден тәуелсіз Қазақ еліне қандай тарту ала келдім деп ойлайсыз?

- Өзімнің бірнеше әндеріммен қоса менің орындауымда «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Үри-ай»,  Әппақтың әні «Көк өзен» сияқты әндерді танымалдыққа ие болды және көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, ғұрыптық әуендердің біразын (сыңсу, қоштасу, көрісу т,б.) қайтадан жаңғырттып, сахнаға шығардым.

- Тәуелсіздікке биыл 25 жыл болды. Тәуелсіздіктен алған шапағатыңыз жайлы айтып берсеңіз...

- Иә, біз сияқты шекараның арғы жағында туған қазақтар үшін тәуелсіздіктің орны ерекше. Егер Қазақ еліне келмегенде дәстүрлі ән орындауда осы күнгі деңгейіме жетпес едім, дәстүрлі музыкадан үлкен білім ала алмас едім. Еліміздің ширек ғасырға жуық уақытта осыншама үлкен жетістікке жетуі Елбасының кемеңгер саясатының арқасында біздіңде тасымыз өрге домалады деп айтуға болады. Мәселен алыс, жақын шетелден келген ағайындарымыздың тұрмыс жағдайы ешкімнен кем емес. Бұның бәрі бірінші  Тәуелсіздіктің, екінші кемелді саясаттың, тыныштықтың арқасы.

 

- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

-  Өткен жазда Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған көпшілікке танымал «Туған жер» атты әніме бейнебаян түсірдік. Бейнебаян өзіме қатты ұнады. Көпшіліктің де көңілінен шықты деп ойлаймын. Қазіргі уақытта өміріміз бірге болғаннан кейін өнерде де бірге болайық деген оймен жолдасым Нұрлан екеуіміз дуэт болып ән орындап жүрміз. Алла қаласа алдағы уақытта ән албомымыз жарыққа шығады. Келер жазға қарай концерттік бағдарламарды қолға алсақ деп отырмыз.

Үйде бала бағып отырған кездерімде бесік жырларының аз екеніне көзім жетті. Мен осы олқылықтың орнын толықтыру мақсатында, халық аспаптарының сүйемелдеуімен балаларға арнап бесік жырын орындап шықпақпын.

Қазақта «балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар ғой. Балалар бесіктегі күнінен-ақ Еуропаның елірме музыкасымен тәрбиеленіп, жеңіл-желпі әуендерді естіп өссе кейін өз халқын шын сүйіп, әні мен күйін бойына терең сіңіре алмайды. Егер сапалы бесік жырларын дайындап қойсақ, жас аналар соны балаларына тыңдатар еді. Сол арқылы ұрпағының санасына халқымыздың асыл қазынасын  сіңірер еді. Сондықтан алдағы уақытта осы істі қолға алу ең басты жоспарымның бірі.    

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Бейсен Сұлтанұлы.

Соңғы жаңалықтар