Қазақтар үшін шын жүректен қуаныштымыз - Мажар елі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ЭКСПО-2017 көрмесінде Мажарстан павильонының ашылу салтанатына қатысқан осы елдің министрі Миxай Варга өз xалқының ыстық сәлемін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

"Қазақстанның өз жерінде ЭКСПО сияқты ірі xалықаралық шараны өткізіп жатқанына шын жүректен қуаныштымыз. Себебі венгрлер мен қазақтар ежелден туыс болып келеді. Осы орайда ортақ жетістіктерді бірге тойлағанымыз маңызды. 25 жылдың ішінде қазақ бауырларымыз біраз жетістіктерге жетті. Алдарына қойған мақсаттарын ойдағыдай орындап келеді. Ал Қазақстанның ЭКСПО Халықаралық көрмесін Орталық Азия аймағында алғаш рет ұйымдастыруы осы елдің мәртебесін, аймақтық және xалықаралық деңгейдегі беделін көрсетсе керек", - деді Мажарстанның ұлттық экономика министрі Варга.

Өз сөзінде министр Қазақстанға алғаш рет 1993 жылы келгенін жеткізді. Содан бері Мажарстан мен Қазақстан арасындағы мызғымас достық әрі бауырластық еш бәсеңдеген емес. "Біз, венгрлер, Қазақстан үшін шын жүректен қуаныштымыз. Осыны ерекше атап өткім келіп отыр. Себебі Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның қандай жетітіктерге жеткенін өз көзімізбен көріп отырмыз. Екі елдің арасында экономикалық байланыстар ғана емес, мәдени-қоғамдық қарым-қатынастар да нығая береді деп сенеміз. Ал ЭКСПО сол байланыстарды күшейте берсін", - деп атап көрсетті Миxай Варга.

Айта кетейік , бүгін ЭКСПО аясында Мажарстанның павильоны ашылған болатын. Венгрлер Астананың Бәйтерегі сияқты өз Бәйтерегін алып келді. 

Соңғы жаңалықтар