Қазақстанның төрт облысында қасқыр атуға тыйым салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе облыстарында екі жыл мерзімге қасқырды атуға мораторий жарияланды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады.

«Мораторий 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Төрт облыста қасқырды аулауға тыйым салынды. Белгілі бір лимит беріледі. Яғни, тек қана адам мен малға шапқан кезде ғана қасқырды атуға рұқсат береміз. Ал енді ондай фактілер тіркелмеген жағдайда қасқырды атуға рұқсат жоқ», - дейді Сәкен Ділдахмет.

ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысының хабарлауынша, аталған төрт өңірде қасқырлардың саны күрт азайып кеткен.

«Далалы өңірлерде қар кешкіш техникамен, жол талғамайтын көлікпен шыққан кейбіреулер қасқырды мыжып кетіп-ақ құртып жатыр. Тікұшақпен барып, снайперік винтовкамен атып жатады. Қасқырдың да сұрауы бар. Ол жыртқыштың «санитар» ретінде табиғатта рөлі өте зор», - дейді ол.

Сәкен Ділдахметтің айтуынша, Қазақстанда 14500-ге жуық қана қасқыр қалған. 

Соңғы жаңалықтар