Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Братиславада гала-концерт өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Братиславада Тәуелсіздік күніне арналған және Қазақстан мен Словакия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай гала-концерт және Kazakhstan Fashion Week Astana қазақстандық сән индустриясының көрсетілімі болып өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған іс-шараға 400 адам, соның ішінде Словакия экс-президенті Иван Гашпарович, Президенті Әкімшілігінің, Үкіметінің, Парламентінің, іскерлік және мәдени-қоғамдық топтарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары қатысты.

Өз сөзінде елші Сержан Әбдікәрімов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен осы жылы билік өкілеттіктерін қайта бөлу туралы конституциялық реформаның, Үшінші экономикалық жаңғырудың басталуының және Рухани жаңарудың арқасында жетілдірілген Қазақстанның институционалдық саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асырудағы танылған көшбасшылығын атап өтті.

Сыртқы саясатта дипломат Қазақстанның байланыстырушы еуразиялық құрлықаралық көпір ретіндегі маңыздылығын, сонымен қатар жаһандық ядролық қарусыздану мен оны таратпау үдерісіндегі, Сирия және басқа да жанжалды жағдайлар бойынша келіссөздердегі жетістігін атап өтті.

С. Әбдікәрімов қазіргі таңда жоғары деңгейге жеткен қазақстандық-словак саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарының 25 жылдық дамуын да сипаттап берді. Сонымен бірге, Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ойдағыдай өткізілуі және Словакияның оған қатысуы словакиялық және қазақстандық компаниялар арасындағы инвестициялық, инновациялық және сауда-экономикалық байланыстардың жандануына жаңа серпін берді.

Словакияның Үкіметі атынан Қаржы министрінің орынбасары Дана Мигер халқымызды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Қазақстанның Орталық Азиядағы және еуразиялық кеңістіктегі маңыздылығын баса айтты. Еліміздің одан әрі жаңғыру жоспарларына қолдау білдіріп, келешекте ресми Астанамен жан-жақты байланыстарды нығайтуға дайын екенін растады.

Ресми бөлімнен кейін «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру шеңберінде гала-концерт және Орталық Азиядағы ең үлкен «Kazakhstan Fashion Week Astana» сән апталығының модельдер жинағының көрсетілімі болып өтті.

Концерттік бағдарлама Абзал Арықбаев пен Анар Қасымованың «Аркаим» атты нео-этно-фольклорлық дуэтының қазақтың көне емузыкалық аспаптары - домбыра, шаңқобыз, сазсырнайда орындаған туындылардан басталды. Сондай-ақ, А. Қасымова халық әндерін орындап, өзінің көмеймен ән айту өнерін ортаға салды.
Классикалық және эстрадалық музыкалық Олимптің қазақстандық жұлдызы, Монте-Карлодағы 28-ші халықаралық фестивалдің бірінші скрипкасы Жәмилә Серкебаеваның жарқын және харизматикалық өнер көрсетуі қонақтар үшін тағы да бір әдемі тосын сый болды. Әртіс асқан шеберлікпен қазақ және еуропалық танымал әуендерді орындады.

Ұлттық стильде жұмыс істейтін дизайнерлер «Құрақ көрпе», «Самидель» және «Аида Кауменова»-ның қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін паш ететін жинақтары көрермендердің қошеметтеріне ие болды.

Көрсетілімнің аяқталысымен қонақтар көрмеге қатысып, прет-а-порте шеберлерімен және манекеншілермен тілдесіп, Қазақстанның жоғары сән әлемімен танысуға және қазақ ұлттық тағамдарынан дәм татуға мүмкіндік алды.

Соңғы жаңалықтар