Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлеріне толықтай газ тартуға триллион теңге қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Александр Суслов Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан Астанаға газ тарту жобасы жайында сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің орталық және солтүстік өңірлеріне, оның ішінде Астанаға газ тарту мәселесі шешілмеген. Осы орайда Мемлекет басшысының бұл бағыттағы тапсырмасын орындау қай кезеңде тұр», - деп сұрады А. Суслов.

Өз кезегінде Бақытжан Сағынтаев газ құбырын тарту жөнінде тиісті есептеулер жасалғанын, яғни «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы ескерілгенін атап өтті.

«Бұл құбыр Қызылордадан басталып, кейін Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана қалаларына жалғасып, содан кейін Көкшетау мен Петропавлға дейін тартылуы тиіс. Техникалық экономикалық негіздеме жасалып, жоба құны айқындалды, шамамен 370 млрд теңге есептелді. Әрине, бұл қомақты қаржы көлемі. Осы орайда қаржыландыру көзін айқындау тұрғысында жұмыс істеудеміз. Аталған жоба бірнеше кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде Астанаға дейін құбыр тартылады, яғни бұл шамамен  1 080 шақырымды құрайды», - деп түсіндірді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, екінші кезең аясында Көкшетауға дейін тартылады, осы орайда барша Ақмола облысын қамтылады, соның ішінде Бурабай курорттық аймағы да ескерілген. Ал үшінші кезеңде Көкшетаудан Петропавлға дейінгі аралық іске асырылады.

Бұл тұрғыда ол газ құбыры бойында елді мекендерге де газды тарату желілерін салу керектігін, алайда техникалық экономикалық негіздемеде тарату желілері қарастырылмағанын атап өтті.

«Осы сома өте қомақты - 670 млрд. теңгені құрайды. Оның басым бөлігін, яғни 500 миллиард теңгесі Қарағанды облысына тиесілі. Бұл екі жобаны біріктірген кезде триллион теңгеге (газ құбыры - 370 млрд теңге, тарату желілері - 670 млрд теңге) жетіп отыр. Ал егер триллион теңгені тарифке шаққанда, газдың бағасы 54-55 теңгеге жетеді», - дейді Сағынтаев.

Оның айтуынша, бүгінде 36 теңге сомасындағы еліміздегі ең жоғары тариф Алматы облысында тіркелген

«Ертең мұнай мен газ бойынша ведомствоаралық комиссияны өткіземіз. Энергетика министрлігі тағы бір баламалы ұсынысты дайындап жатыр, яғни Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бағытында тиісті шараларды атқаруда. Жақын арада нақты шешім қабылданатыны сөзсіз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар