Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен қоныс аударатындарға қажетті жағдай жасалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет еліміздің оңтүстігінен солтүстік өңірлерге қоныс аударғандарға баспана салудан бас тартты. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз өз еркімен қоныс аударатындарды ынталандыруды жалғастырамыз. Біздің бағдарламада еңбек күші артық облыстардан еңбек күшінен тапшылық көріп отырған өңірлерге қоныс аударуға екпін қойылған»,-деді Нұрымбетов.

Соңғы 10 жылдағы көші-қон үрдісіне талдау жасалғанына тоқталған ол, бұл ретте қоныс аударуға ынталандыруды қажет ететін облыстар айқындалғанын жеткізді.

Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Маңғыстау облыстарынан жұмыс күші тапшы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына қоныс аударуға ниетті адамдарға мемлекет қолдау жасады.

«Осы бағытта бір жаңашылдық бар. Енді баспана салмаймыз. Себебі, жалпы мемлекет, Үкімет тұрғын үй саясатында басқаша қадамды бекітті. Елдегі барша баспана «Бәйтерек» желісі бойынша болуы керек. Азаматтар үшін арендалық баспана салынып жатыр»,-деп тоқталды ол.

Вице-министрдің айтуынша, оңтүстік өңірлерлерден солтүстік облыстарға көшуге ниетті адамдарды ынталандырудың жаңа бағыттары енгізілді. Біріншіден, қоныс аударғандардың шығындары 35 АЕК көлемінде өтелетін болады, яғни отбасының әрбір мүшесіне 79 мың теңге сомасында беріледі. Сонымен қатар бір жыл бойы көшіп барған отбасының баспананы жалдауға жұмсайтын шығындары субсидияланады.

«Осы бағытта біз айына 34 мыңнан 68 мың теңгеге дейінгі сомада қоныс аударған отбасыға береміз. Кейіннен, тұрғын үй құрылысының жалпы бағдарламасы бойынша көшіп келген адам баспана алуға үміткер ретінде ілігеді»,-деді Нұрымбетов.

ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударған тұлғаларға мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Жыл сайын, өңірлер мен жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына сұранысын ескере отырып, ішкі көші-қон квотасы белгіленеді. Аталған көшті ынталандыру тетігі ретінде, бастапқы бейімделу және жол мен жүк тасу шығынын өтеу құралдарынан тұратын, қазіргі таңдағы әлеуметтік пакетті қолдану жалғасын табады. Осы жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу мақсат етілген.

Соңғы жаңалықтар