Қазақстанның ММА шеберлері Әлем чемпионатында бақ сынайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 11 қарашада ММА спорт түрі бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы Бахрейн астанасы Манамада өтетін әлем чемпионатына аттанады. 12-19 қараша аралығында өтетін чемпионат қатысушы елдердің саны бойынша рекордтық көрсеткішке ие. Оған 14 салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағы үшін 51 елден 252 спортшы бақ сынайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстан намысын  әлем чемпионатында ұлттық құрамасынының 15 спортшылары қорғайды. Онда Қазақстанның атынан алғаш рет әйелдер дивизионда 52,2 кг дейін салмақта Азия вице-чемпионы алматылық Аян Тұрсын және 56,7 кг дейін салмақта Талдықорған спортшысы Гүлмира Нұғманова қатысады.

Ерлер арасында 56,7 келіге дейінгі салмақта Ерназ Мұсабек (Астана) және Дастан Жақыпбек (Алматы облысы), 61,2 келіге дейінгі салмақта Дінислам Жетпісов (Қарағанды), Олжас Молдағалиев (Атырау), 65,8 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы Мерей Жұбанов (Қарағанды) және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Бекзат Жасия (ОҚО) қорғайды. Ал 70,3 келідегі салмақта Азия чемпионатының күміс жүлдегері Неймат Асадов (Қарағанды) және Дархан Жұмабай (Ақмола облысы),77,1 келіге дейін Азия чемпионы Жан Кенжебаев (Алматы) және Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Махир Алиев (Астана) шаршы алаңға шығады.

83,9 келілік ММА шеберлері арасында Қазақстанның атынан Азия чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Демеубаев (Астана) және Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Мәди Досмұхаметов (Алматы облысы) барса, 93 келіге дейін Азия және Еуропа чемпионаттарының қола жүлдегері Құдайберген Төлеубаев (Қарағанды) шығады.

«Бұл ММА бойынша Әлем чемпионаты - ең ірі сайыс болмақ. Бұрын мұндай бәсеке  болған емес. Биылғы жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында біз әлем чемпионатында әрбір салмақ категориясында екі спортшыдан апаратын болдық. Қазіргі уақытта, бапкерлер ұжымы мен бас бапкер Баян Жанғаловтың басшылығымен спортшылар дайындығының қорытынды кезеңі аяқталып жатыр. Осындай оқу-жаттығу әдісін қолдану біздің спортшыларымыздың әлем чемпионатында елімізді жоғары дәрежеде ұсынуға мүмкіндік береді. Бұйырса, дәстүр бойынша Қазақстан құрамасы тамаша нәтиже көрсетеді», - дейді Қазақстан ММА федерациясының бірінші вице-президенті Асылбек Дүйсенов.

Әлем чемпионаты IMMAF халықаралық MMA федерациясы ұйымдастырумен аралас жекпе-жек апталығы аясында өтіп, соңында «Brave» халықаралық кәсіби турнир өтеді.

Соңғы жаңалықтар