Қазақстанның ММА құрамасы алғаш рет Еуропа чемпионатына аттанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ММА құрамасы IMMAF нұсқасы бойынша алғаш рет Еуропа чемпионатына аттанды. Чемпионат Болгария астанасы София қаласында 29 наурыз бен 2 сәуір аралығында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның ММА қауымдастығы баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес байрақты бәсекеде еліміздің намысын мына спортшылар қорғайды: 56,7 келіде ММА бойынша Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Берік Шыналиев (Алматы), 77,1 келіде ММА бойынша Астана және Ақмола облысының чемпионы Джохар Таймусханов (Ақмола облысы), 93 келіде ММА бойынша Қазақстан Республикасы Кубогының чемпионы және Достастық кубогының қола жүлдегері  Құдайберген Төлеубаев (Карағанды облысы).

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 3 наурызында халықаралық IMMAF ұйымы мүшелігінің мұрагері атанған Қазақстанның ММА қауымдастығы құрылды.  Қауымдастық төрағасы Асылбек Дүйсеновтің айтуынша, аталған Еуропа чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін осы ұйымдағы алғашқы дода. Еуропа чемпионаты Қазақстан үшін міндетті емес. Дегенмен еліміздің спортшылары осы додаға қатысып, өз күштерін сынамақ.

«Бұрын чемпионаттарға әуесқойлармен қатар кәсіпқой тәжірибесі бар спортшылар қатысып келгендіктен алдағы уақытта Қазақстанның ұлттық құрамасы толығымен жаңаруы мүмкін. Бұл шара жастар үшін әлемнің ең үздік халықаралық ареналарда көрінуіне мүмкіндік туғызады.  Ал кәсіпқой турнирлерге  қатысып ысылған спортшылар әрі қарай да мансабын жалғастырып, тек Қазақстандағы ғана емес сонымен қатар халықаралық додаларға қатысады», - деді Асылбек Дүйсенов.

Өз кезегінде Қазақстанның ММА федерациясының президенті және Қазақстанның ММА қауымдастығы төрағасының орынбасары Анатолий Ким келешек жоспарларымен бөлісті.

«Қарағанды қаласында сәуірдің аяғында өтетін ММА бойынша Қазақстан чемпионаты мен оқу-жаттығу жиыны қорытындысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасына қатаң іріктеу болады. Келешекте өтетін Азия мен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы толық құрамымен қатысады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар