Қазақстанның қысқы олимпиадалардағы жетістіктері

None
None
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Олимпиада ойындары-2018 ресми сайтында Қазақстанның бұған дейінгі төрт жылда бір өтетін дүбірлі додадағы жетістіктері жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қысқы Олимпиада ойындары 1924 жылдан бері өткізіліп келеді. 1994 жылдан бастап қысқы Олимпиада ойындарының өту мерзімі жазғымен салыстырғанда екі жылға алға жылжыды. Тұңғыш Олимпиада Францияның Шамон қаласында өткен. Аталмыш жарысқа 16 елден 300-ге жуық спортшы қатысқан болатын.

Пхенчхандағы Олимпиада ойындарында қатысушы елдердің рекордты саны тіркелді - 93. Бұған дейінгі рекорд Сочи Олимпиадасының еншісінде болған - 88 мемлекет. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда  рекордшы спортшылардың көптеп қатысатыны белгілі болды - 2922. Мәселен Сочидегі Олимпиадаға 2800 спортшы қатысқан.

Сондай-ақ, Пхенчандағы ойындарға жаңа алты мемлекет қатысады: Косово, Малайзия, Нигерия, Сингапур, Эквадор және Эритрея.

Қатысушы мемлекеттерге қатысты кішігірім статистиканы назарларыңызға ұсынамыз.

Пхёнчханға ең көп спортшыны АҚШ құрамасы әкелді - 240 атлет. Екінші орында Канада (226) және үшінші сатыда Швейцария (169). Қатысушы спортшылардың саны бойынша бейресми кестеде Қазақстан 93 елдің ішінде 21 орында тұр.

Оңтүстік Кореядағы Олимпиадада еліміздің намысын 46 спортшы қорғайды. Қызығы, 18 елден Олимпиада тек бір ғана спортшыдан барса, 58 мемлекетте спортшылар саны 10-нан аспайды.

Азия құрлығында Қазақстан Олимпиадаға қатысушы спортшылар саны бойынша төртінші орында. Ал бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттерімен салыстырсақ, Қазақстан Ресей командасынан (168) кейін екінші сатыда.

Пхёнчханда 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медаль бұрынғыдай домалақ. Оңтүстік Кореядағы жүлдесінің ерекшілігі мұнда бәрі хангылда яғни кореялық әріптермен жазылған. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынща, бұл еңбек пен спортшылардың мақсатына жетуін білдіреді.

ХОК алдағы Олимпиада ойындарына жаңа алты спорт түрін енгізді - бұл сноубордтағы биг-эйр (ерлер, әйелдер), коньки тебуден масс-старт (ерлер, әйелдер), керлингтен дабл-микст және тау шаңғы спортынан командалық сайыс. Есесіне, Олимпиада бағдарламасынан сноубордтағы параллельді слалом сайысын алып тастады.

Медальдар мына спорт түрлері бойынша сарапқа салынады:

1. Биатлон (11)

2. Бобслей (3):

Скелетон (2)

3. Керлинг (3)

4. Конькиден спорт түрлері:

Коньки тебу спорты (14)

Мәнерлеп сырғанау (5)

Шорт-трек (8)

5. Шаңғы спорт түрлері:

Тау шаңғы спорты (11)

Шаңғы қоссайысы (3)

Шаңғы сайысы (12)

Трамплиннен шаңғымен секіру (4)

Фристайл (10)

Сноуборд (10)

6. Шана спорты (4)

7. Шайбалы хоккей (2)

Пхенчхандағы Олимпиада ойындарының тұмары болып жолбарыс Сухоранг (Олимпиада) пен аю Пандаби (Паралимпиада) таңдалды.

Оңтүстік Корея Олимпиада ойындарына орай бірнеше үлкен спорт нысандарын салды. Олимпиада Пхенчхан мен Каннында орналасқан 12 спорт кешенінде өтеді.

Спорттық нысандар:

Олимпиадылқ Хвэнге паркі

«Альпензия» трамплиннен секіру паркі

«Альпензия» биатлон орталығы

«Альпензия» шаңғы орталығы

«Альпензия» шана спорт орталығы

«Ёнпхён» тау шаңғы спорт орталығы

Пхёнчхандағы олимпиада қалашығы

Жабық мұз айдын

Хоккей орталығы

Кёнпхо Овалы

Кёнпхо мұз айдыны

Квандон Университетінің спорт аренасы

Каннындағы олимпиада қалашығы

Чунбон

Бугван Фёникс Паркі

Пхенхчандағы қысқы ойындар Қазақстан үшін жетінші Олимпиада ойындары болмақ. Біздің командамыз 1994 жылдан бері қысқы Ойындарға үнемі қатысып келеді. Бұл уақыт аралығында Қазақстан бір алтын, үш күміс және үш қола жүлде иеленді.

1994 жылы Лиллихаммерде (Норвегия) қазақстандық шаңғышы Владимир Смирнов Олимпиада чемпионы атанған болатын. Бұған қоса, Смирнов екі күміс жүлде алған еді. Владимирдің бұл жеңістерінің арқасында Қазақстан жалпы есепте 12 орынға жайғасқан болатын. Норвегияға Қазақстан атынан 29 спортшы барған.

1998 жылы Наганоға Қазақстан 60 спортшы апарды. Олимпиаданың қорытындысы бойынша отандық спортшылар екі қола медаль еншіледі. Коньки тебу спортында Людмила Прокашева мен шаңғы сайысында Владимир Смирнов қола жүлдегер атанды. Осылайша, Қазақстан жалпы есепте 20-ны орынды иеленді.

2002 жылы Солт-Лейк-Ситиге Қазақстаннан 52 спортшы қатысты. Өкінішке қарай, Америкада отандық спортшылар жүлделі орынға іліне алмады.

Араға төрт жыл салып Туринде де Қазақстан жоғары нәтиже көрсете алмады. Италияға барған 55 спортшымыз үйге жүлдесіз оралды.

Есесіне Ванкуверде Қазақстан көптен күткен медальға қол жеткізді. Биатлоннан 15 шақырым қашықтыққа сайыста Елена Хрусталева күміс жүлдегер атанды. Бұл Олимпиадаға Қазақстаннан 37 спортшы қатысқан болатын. Жалпы есепте еліміз 25 cатыға орналасты.

2014 жылы Сочидегі Олимпиадаға Қазақстан 51 спортшыны апарды. Ресейдегі ойындардың қорытындысы бойынша Қазақстан бір қола медаль иеленді. Мәнерлеп сырғанауден Деннис Тен тарихи жүлдеге қол жеткізді. Жалпы есепте Қазақстан 26 орын алды.

Пхенчхандағы Олимпиада ойындарында Қазақстан бұрынғы нәтижелерін қайталап қана қоймай, ұлғайтуы  да әбден мүмкін. Сол үшін алдағы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларымызға сәттілік тілейік!

Пхенчхандағы Олимпиада ойындары ресми түрде ертең басталып, ақпанның 25-сіне дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар