Қазақстанның кіл мықты боксшы қыздары Щучьеде бақ сынауда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Щучье қаласында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері  Марина Вольнованың жүлдесі үшін әйелдер арасында бокстан халықарлық турнир өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, «Жақсы» спорт кешенінде өтіп жатқан байрақты жарысқа Қазақстан, Үндістан, Украина, Ресей, Қырғызстан, Вьетнам және Қытай елдерінен барлығы 82 былғары қолғап шебері бақ сынауда. Медальдар жиынтығы тоғыз салмақ санаты бойынша сарапқа салынуда.



Алғашқы болып, шаршы алаңға шыққан 2016 жылғы Әлем чемпионы Дина Жоламан 54 келі салмақта Гүлмира Баймановадан айласын асыра білді. Сонымен қатар  Карина Ибрагимова мен Римма Волосенко да алғашқы кездесулерін жеңіспен аяқтады. Ал 60 келі салмақтағы Назым Ищанова жеңіліс тапты. Бүгін сондай-ақ екі дүркін Әлем чемпионы Назым Қызайбай (51 келі) өнер көрсетеді.

Жалпы бұл турнирде шаршы алаңға ҚР ұлттық құрамасы сапындағы боксшы қыздардың кіл мықтылары шығады деп жоспарланған. Турнир 7 наурызға дейін жалғасатын болады.



Айта кетейік, Марина Вольнова Берік Маржықпаевтың жетекшелігімен талай биікті бағындырған. Оның әлемдік әйелдер боксына сіңірген еңбегін Қазақстанның бокс федерациясы мен  АИБА ғана емес, сондай-ақ Халықаралық олимпиада комитеті де атап өтуде. Биылғы жылдың басында Маринаның Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бахтың қолы қойылған арнайы дипломмен марапатталуы соның айқын дәлелі.

Қызылорда облысының тумасы Марина Вольнова қыздар арасында Олимпиада ойындарының жүлдегері болған тұңғыш боксшы.

 

Соңғы жаңалықтар