«Қазақстанның киелі жерлері» жобасына Жамбыл өңірінің 8 тарихи орны ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына Жамбыл өңірінен 8 тарихи орын ұсынылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сапалы іске асыру бойынша пәрменді шаралар қабылданған. Өңірлік жобалық кеңсемен «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» кіші бағдарламаларына 73 жоба енгізілді. Рухани жаңғыруға негіз - біздің өңір тарихында ежелден бар өнеге. Оның дәлелі ретінде Елбасының бастамасымен Астанадан бастау алып, 2000 жылдан астам тарихы бар көне Тараз жерінде жалғасқан Қазақ хандығының 550 жылдығын айтуға болады. Қазақ хандығының 550 жылдығы - тарихымызда ұлттық код екені анық», - деді ол.

Кәрім Көкірекбаевтың айтуынша, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына облыстың 8 киелі орны анықталып, ұсынылған. Олардың қатарында Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені, Ақыртас бекінісі, «Ежелгі Тараз қалашығы», Тектұрмас кешені, Қарахан кесенесі, Айша бибі кесенесі, Бабажы Хатун мазары және «Байзақ батыр Мәмбетұлы» кесенесі бар.

«Облыстың тарихы, мәдениеті мен киелі орындары туралы 11 сериалы деректі фильм түсірілді. «Жамбыл облысының өнері мен қол шеберлігінің энциклопедиясы» шығарылды. Ағымдағы жылы Бектөбе, Георгиевск, Тамды, Саудакент ортағасырлық қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Ақыртас қалашығының туристік инфрақұрылымы кеңейтілді. Осындай инфрақұрылым 6 нысанға жүргізілетін болады», - деді облыс басшысы.

Соңғы жаңалықтар