Қазақстанның киелі жерлер тізімі қандай өлшемдер негізінде жасалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның киелі жерлерін тізімге алу жұмыстары жалғасады. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда киелі жерлердің көп екендігі баршаңызға белгілі. Бұл киелі жерлердің тізіміне олардың барлығын қоспай мемлекет пен ұлттың тарихында үлкен рөл атқарған, халықтың санасында  қалған және жиі баратын, халықтың әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын киелі жерлерді ғана қостық. Негізінен киелі жерлері мынадай өлшемдер  негізінде жасалды: табиғи ландшафты нысандар, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ғибадат орындары саналатын діни нысандар, тарихи тұлғалармен, саяси оқиғалармен байланысты киелі орындар»,  -  деді министр.

Оның айтуынша, киелі жерлерді іріктеу, тізімге алу жүйелеу жұмыстары елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр.

«Осыған байланысты оларды тізімге  алу мәселесінде біршама қиындықтар болды. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың киелі жерлерді түгендеуге қатысты ескертулері назарға алынып, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарымызды жетілдіре түсетін боламыз», - деді ол.

Сонымен қатар министр соңғы 7 айда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Киелі нысандарды іріктеу және тізімге алу бойынша методикалық ұсыныстар  әзірленіп, өңірлерге жолданды, әрбір  өңірде киелі жерлерді анықтау бойынша жұмыс топтары құрылды. Қазақстанның барлық өңіріндегі киелі жерлерге этно-мәдени экспедициялар ұйымдастырылды. Киелі жерлердің көпфункционалды-виртуалды картасы жасалды. Осындай тарихи-мәдени мұрамызды ауқымды жүйелеудің нәтижесінде жалпы халықтық маңызы бар 100 кешеннің және  өңірлік маңызы бар 456 нысанның тізімі қалыптастырылды. Нысандарды тізімге алу жұмыстары одан ары жалғасатын болады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Соңғы жаңалықтар