«Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасы әзірленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның киберқалқаны» киберқауіпсіздік тұжырымдамасы әзірленді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі Дмитрий Голобурда мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның киберқалқаны» киберқауіпсіздік тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Жұмыс тобы тұжырымдама жобасын әзірлеу барысында  ақпараттық-коммуникация технологияларын қолданудағы жетекші елдермен қатар  әлеуметтік даму жолында оны қолдану аясын кеңейтуге ұмытылып отырған дамушы елдердің де тәжірибелерін зерделеді. Киберқауіпсіздік мүлдем жаңа түсінік саналады және көпшілікке танылған, нақты халықаралық анықтамасы жоқ», - деді Дмитрий Голобурда.

Оның атап өтуінше, тұжырымдама мақсаты жаһандық бәсекеге қабілеттілік жағдайында Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз  ететін, электрондық ақпараттық ресурстар, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын сыртқы және ішкі қауіптерден қорғалуына қол жеткізу және сол деңгейде ұстау болып саналады.

«Тұжырымда екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезең 2017-2018 жылдарды, ал екінші кезең 2019-2022 жылдарды қамтитын болады», - деді ол.

Голобурданың айтуынша, бірінші кезеңде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы белгіленген талаптарды сақтаудың толық құқықтық қолдану тәжірибесі қалыптасады. Оның нәтижелері бойынша заңнамаға тиісті өзгертулер енгізіледі. Отандық зерттемелер жасауда өнеркәсіп пен ғылым арасындағы өзара іс-қимыл мен кооперациялаудың тиімді сызбасы жолға қойылады. Екінші кезеңде қазақстандық ІТ-компаниялардың ұлттық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қауіпсіздік жүйелері жұмыстарына қатысуына мүмкіндік беріледі.

Соңғы жаңалықтар