Қазақстанның қай өңірі шетелдік валютаға әуес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың ішінде қазақстандықтар еліміздегі валюта айырбастау пункттерінен 10,6 млрд доллар, 1,1 млрд еуро және 157,9 млрд рубль сатып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Сайт мәліметінше, бір жылдың ішінде ел тұрғындарының долларды сатып алуы - 19,9, еуроны - 29,1 және Ресейдің рублін сатып алуы 18,9 пайызға артқан. Ал өңірлік шекте Астана мен Алматы тұрғындарының валюта сатып алу көрсеткіші жоғары болып тұр. Аталған екі қаланың тұрғындары өткен жылы еліміздің валюта айырбастау пунктерінде саудаланған доллардың - 57, еуроның - 66 және рубльдің 25 пайызын сатып алған.

Жалпы, 2017 жылы еліміздің барлық өңірінде америкалық валюта сатып алушылардың  легі күрт артты. Мәселен, Алматы тұрғындары бір жылдың ішінде - 4,8 млрд, Астана тұрғындары - 1,3 млрд, ал оңтүстікқазақстандықтар 1,2 млрд доллар сатып алған. Дегенмен, жыл ішінде доллар сатып алу белсенділігі төмендеген өңір де бар. Ол - Жамбыл облысы. Аталған  өңірдің тұрғандары 183 млн доллар сатып алған. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 2,5 пайызға кем.

Еуро сатып алуда да алматылықтар көш бастап тұр. Олар бір жылдың ішінде 507,6 млн еуро айырбастаған. Екінші орында әдеттегідей астаналықтар тұр. Олардың сатып алған шетелдік валютасы 202,6 млн еуроға тең. Үздік үштікке бұл жолы да енген оңтүстікқазақстандықтар бір жылдың ішінде 61,8 млн еуро сатып алған.

Бір жылдың ішінде 23,2 млрд ресейлік рубль сатып алған алматылықтар шетелдік валютаның бұл түрі бойынша бірінші орында. Одан кейінгі орынға 17,1 млрд рубльмен шығысқазақстандықтар орналасқан. Ал үшінші орында - астаналықтар. Елорда тұрғындары бір жылдың ішінде 15,8 млрд рубль айырбастаған.

Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы еліміздің барлық валюта айырбастау пункттерінде долларды сатып алу - 48,1, еуроны - 19,8, ал рубльді сатып алу 39,8 пайызға кеміген болатын.

Соңғы жаңалықтар