Қазақстанның қай банкінен ипотека алған тиімді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлқисса, әлемді дендеген дағдарыста банктердің «бағы таюға» шақ қалды. Содан болар девальвациядан кейін екінші деңгейлі банктің біразы ипотекалық несие беруді тоқтатып, қалғаны талаптарын күшейтті. Мәселен қазір Қазкоммерцбанк пен Нұрбанк ипотека беруді уақытша тоқтатқан. Ал Еуразиялық банк тек өзінде кепілде тұрған, сатылымға шығарған пәтерлерді ипотекаға ресімдейді. Яғни үйлерін кепілге қойып немесе ипотекаға алып, ақшасын төлей алмаған жұрттың жылжымайтын мүлігін банк өзі саудаға шығарып жатыр. Мұндағы пәтерлердің саны шектеулі. Айта кетерлігі, ипотеканың төңірегіндегі тұрақсыздық белгілі бір деңгейде жұртшылықтың тұрмысына да әсер етпей қоймайды. Өйткені, қазіргі таңда баспана алудың, үйге ие болудың бірден бір жолы - ипотека. Осылайша, ипотека тұрғын үй нарығына да өз өрнегін салып отыр. Ал біздің банктердегі ипотекалық нарық қалай? Осыған зер салсақ.

Сонымен Қазақстанда қай банктер ипотекалық несие береді? Шарттары мен шығыны қандай? Қазақстан Республикасы Банктері қауымдастығының ресми сайтындағы тізімде биылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша елімізде екінші деңгейлі 34 банк бар екені көрсетіліпті. Соның ішінде көпшілік сенетін Қазақстан Халық банкі кепілді-кепілсіз несиеге қойылар талапты әбден күшейткен. Мұнда клиенттер екі санат бойынша жіктеледі: айлық еңбекақысын Халық банкінен алатындар және еңбекақысын өзге банктен алатындар.

Жалақысын Халық банктен алатындар үшін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 14-15 %. Ал айлық жалақы 150 мыңнан жоғары болуы керек. Еңбекақысын өзге банктен алатындар үшін пайыздық мөлшерлеме 17-18 %, айлығы 300 мың болуы шарт. Бұл арада зейнетақы жарнасы мен мемлекеттік салықты шегергенде қолыңызға таза тиетін табысты айтып отырмыз. Екі жағдайда да, айлығыңыз не 150 мыңға, не 300 мыңға жетпесе тағы бір адамды қосалқы қарызгер ретінде тартуға болады. Өз айлығыңыз 80 мың болса, зейнет жасына жетпеген, қолына 70 мың айлық алатын жақындарыңыздың бірін кепіл ете аласыз. Көпшілікке түсінікті тілмен айтқанда «гарант» дегеніміз осы. Әке-шешеңіз, бауырларыңыз, жолдасыңыз, 21 жасқа толған балаңыз немесе жұбайыңыздың бауырлары кепіл бола алады. Әрине басында несиесі жоқ, табысы көптеу бірі керек. Банктің талабы осы.  

Мұнда ипотеканы 30 жылға дейін ресімдеуге болады. Алғашқы жарнасы Астана мен Алматы қалалары үшін 10%, өзге аймақтар үшін 20%. Алғашқы жарна мөлшерін есептеу үшін алатын үйдің бағасын жүзге бөліп, шыққан санды онға немесе жиырмаға көбейтесіз. Алғашқы жарнадан қалған соманы сіздің мүмкіндігіңізге қарай бірнеше жылға ипотека ретінде теліп береді.

Банк ЦентрКредитте 35 жасқа дейінгі жас отбасылар үшін арнайы ипотекалық бағдарлама бар. Ал қалған бұқара үшін алғашқы жарна 30% құрайды. Тек мұнда қатаң ескеретін жайт - пайыздық мөлшерлеме. Кез келген банк кепілді несие ресімдегенде беретін сомадан белгілі бір мөлшерде (5-7%) комиссия ұстайды. Банк ЦентрКредитте екі нұсқа бар: комиссиямен және комиссиясыз. Егер комиссиясын бірден ұстап қалсын десеңіз ипотеканы 14,5 пайызбен аласыз. Ал комиссиясыз ресімдесеңіз пайыздық мөлшерлеме 21,5%. Сізге тиімдісі бірінші нұсқа. Себебі 10-15 жыл бойы 21,5 пайызбен ипотека төлеу қалтаңызға қымбатқа түседі.

Сбербанкте де дәл осындай шарт. Жас отбасыларға жеке бағдарлама қарастырылған. Қалған ел  үшін алғашқы жарна - 20%. Жиырма жылға дейін береді. Пайыздық мөлшерлемесі 15,1 %. Егер еңбекақыны осы банктен алатын болсаңыз, бір-екі пайыздық жеңілдік бар. Көкейдегі «бағасы осындай үйді алсам, ипотека бере ме екен» деген күдікті сейілту үшін жеке куәлігіңізді, мекенжай анықтамасын, жұмыс орнынан жалақыңызды және еңбек өтіліңізді растайтын құжат апарып, алдын ала есептетіп алуыңызға болады. Осы бір алдын ала шешім оң шығарылса, білек сыбанып, болжамды бағадағы үйді іздеп, іске кірісе беріңіз.

Форте банк болса ипотекалық несиені 15 жылға дейін ресімдейді. Алғашқы жарнасы 15 пайыздан басталады. Қалған ақпаратты бара білесіз.

RBK банкі он жылға дейін береді. Алғашқы жарнасы 20%. Пайыздық мөлшерлемесі 19-20%. Астаналықтар үшін бұл банктің ұсынатын тағы бір нұсқасы бар. Өзара серіктестік келісімшарт жасасқан «Елорда даму» ЖШС құрылыс компаниясының жаңадан салынған үйлерін жеңілдікпен береді. Алғашқы жарнаға 10% мөлшерінде қаржыңыз болса жеткілікті. Қалғанын 15 жылға ипотекаға ресімдейсіз. Өзге өңірлердегі құрылыс қарқыны әзірге мұндай мүмкіндіктерге жол ашқан жоқ.

АТФ банктің алғашқы жарнасы - 20%. 15 жылға дейін 16 пайызбен береді. Соңғы жұмыс орнында кемі алты ай еңбек етіп жүргеніңізді тиісті құжатпен растау қажет. Бұл барлық банктің талабы. Растамаған жағдайда алғашқы жарна 70% құрайды. Сондай-ақ АТФ банк өзінде кепілде тұрған пәтерлерді де ипотекаға береді. Аталмыш пәтерлер туралы толық ақпаратты банк сайтының «сатылымға шығарылған жылжымайтын мүліктер» бағанынан біле аласыз. АТФ те «Банк RBK» секілді құрылыс компаниясымен келісімшарт жасасқан. BI Group құрылыс компаниясының су жаңа пәтерлерін кепілді несиеге береді. 

 

Салыстыруға оңай болу үшін кесте түріндегі қысқаша қисап:

 

Банктер

Пайыздық мөлшерлемесі

Алғашқы жарна

Ресімделетін мерзімі

Ескерту

Қазақстан Халық банкі

14-15%

Астана, Алматы қалалары үшін 10%, өзге өңірлер үшін 20%

30 жыл

Бұл жалақыны Халық банкінен алатындар үшін. Өзге банктен алатындарға қойылар талап жоғарыда жазылды.

Банк ЦентрКредит

14,5 - 21,5%

30%

20 жыл

 

Сбербанк

15,1%

20%

20 жыл

 

Форте банк

---

15%

15 жыл

 

Банк RBK

19-20%

10-20%

10-15 жыл

 

АТФ банк

16%

20 - 70%

15 жыл

 

 

Түсініктірек болу үшін самсаған сандармен емес, бастан өткен тәжірибені жалпақ тілмен жеткізіп көрелік. Мысал үшін Қарағандының қақ төрінен немесе Астананың шеткі аудандарынан бағасы 7 млн теңге тұратын бір бөлмелі пәтерді алмақсыз делік. 7 миллионға Қарағандының орталығынан немесе Оңтүстік-шығыс ауданынан таңдап жүріп тәуір пәтер ала аласыз. Ал Астананың «Лесная Поляна» сынды шеткі ауданынан  немесе оң жағалаудан шаршы метрі шағын бір бөлмелі пәтер табуға болады. (Ескерту! «Лесная Поляна» сол жағалауға жақын болғанымен іргелес аудан есебінде. Астана қаласына кірмейді, Ақмола облысына жатады).

Алғашқы жарнаңыз жеткілікті болса және жалақыңыз 120 мыңнан жоғары болса бағасы 7 млн тұратын пәтерді кез келген банктен кедергісіз ала аласыз. (Халық банк үшін 150 мың). Егер айлық жалақыңыз 120 мыңға жетпесе, екінші адамды кепіл ретінде тартуға болады. Ай сайынғы төлем 60-80 мыңның мұғдарында шығады. Алғашқы жарнаңыз талап етілген сомадан көп болса тіпті жақсы. Ай сайынғы төлем де, қарызды қайтаратын уақыт та аз болмақ. Алатын үйіңіздің құжатында шикілік болмаса ипотека ресімдеуге 1 ай уақыт кетеді.

Ескеріңіз! Кепіл болған адам Сіз осы ипотеканы толықтай төлеп біткенше басқа ипотека ресімдей алмайды, ірі мөлшерде кепілсіз несие де ала алмайды. Банктер 200-300 мыңдаған жалақы алатын жұмысқа ауысса ғана беруі мүмкін. Себебі сіз алған ипотека ол адамның мойнына да ілігіп, жауапкершілікті теңдей қарыз есебінде көтересіз. Сосын банктердегі несие бюросының базасында да ондай кепілгер адамның аты-жөні шығып тұрады.  Жоғарыда біз көрсеткен екінші деңгейлі банктерден бөлек, ипотеканы мемлекеттік «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы да рәсімдеп алуға болады.  Алайда, кез-келген банк секілді бұл да бір жатқан «батпанқұйрық» емес. Оның да өзіндік күрделі тетіктері бар. Сондықтан дәл осы банктен несие рәсімдеуде кездесетін «түсініспеушіліктер» мен қиындықтар туралы алдағы уақытта арнайы жазғанды орынды деп санадық. 

Соңғы жаңалықтар