Қазақстанның кәсіби боксшыларының алдағы айқастары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның кәсіби боксшыларының алдағы жекпе-жектері туралы мәлімет жария етілді.

Қазақстан кәсіби боксы жобасының Фейсбуктегі парақшасының хабарлауынша, 8 шілде күні Испанияның Бильбао қаласында қазақстандық боксшы Ержан Залилов кәсіби рингтегі кезекті жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы әзірге анықталған жоқ. Айта кетейік, соңғы рет 17  наурыз күні Ресейде өткен айқаста Залилов төрешілердің бірауыздан берген шешімімен өзбекстандық боксшы Хумоюн Рустамовты жеңген болатын.

Ол барлық 7 жекпе-жегінде жеңіске жетті. Екі айқас белгіленген уақыттан бұрын аяқталды.

Болашағынан зор үміт күттіретін қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов өзінің келесі жекпе-жегін 15 шілде күні Инглвудте (АҚШ-тың Калифорния штаты) өткізеді. Қарсыласының есімі әзірге аталған жоқ.  Бұл кештің басты оқиғасы алғашқы жеңіл салмақта мексикалық Мигель Берчелт (31-1, 28КО) пен жапондық Такаши Миурой (31-3-2, 24КО) арасындағы WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулына талас болмақ.

Аталған шоудың келесі жекпе-жегінде осы салмақтағы  WBA (Super) чемпионы панамалық боксшы Джезриль Корралес (21-1, 8КО) белбеуін қорғау айқасында мексикалық Робинсон Кастелланосқа (24-12, 14КО) қарсы шығады.

23 жастағы Нұрсұлтановтың үлесінде кәсіби рингтегі екі жекпе-жектен алған екі жеңісі (1КО) бар. Қазақстандық боксшы орта салмақ санатында шығады (160 фунтқа дейін - 72,6 кг).

Мұса Тұрғыналиев АҚШ-та кәсіби рингтегі алғашқы айқасқа қатыспақшы.

Сонымен қатар, Айдар Шәрібаев келесі жекпе-жегінде чемпиондық белдікке таласады. Әуесқой бокста 250 кездесу өткізген. Осыдан үш жыл бұрын кәсіпқой боксқа ойысқан жігіт, 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіс тұғырынан көрінді. Оның ішінде бес қарсыласын нокаутпен сұлатты. Айдар алғаш карьерасын бастаған тұста тағы бір қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның спарринг-қарсыласы болып, онымен бірге шетелдегі оқу-жаттығу жиындарында қатар жүрді.

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Айдар WВА INTERCONTINENTAL тұжырымы бойынша чемпиондық белдікке таласады. Жауапты бәсекеге тыңғылықты дайындалып, оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Айдар АҚШ-қа аттанады. Айдардың чемпиондық белдікке таласатын қарсыласының есімі әзірге белгісіз. 

Соңғы жаңалықтар