Қазақстанның Ханчжоу саммитіне қатысуы G20 күн тәртібінің мазмұнын байыта түсті - «India Writes»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Орталық Азиядағы ірі экономика әрі маңызды ойыншы. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың G20 саммитіне қатысуы «үлкен жиырмалықтың» күн тәртібін байыта түсті. Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Үндістанның «India Writes» интернет-порталының жетекшісі Маниш Чанд білдірді.

«Қытай G20-ның Ханчжоу саммитінің қонағы ретінде өз өңіріндегі ірі әрі ықпалды көшбасшыларын, оның ішінде Қазақстанды да шақырды. Сіздің еліңіз Орта Азиядағы ірі экономика және маңызды ойыншы саналады. Мен Қазақстанның «үлкен жиырмалық» саммитіне қатысуы оның  іс-шаралар мазмұнын байытып, күн тәртібін кеңейте түскендігіне сенімдімін. Президент Н.Назарбаев сөз сөйлеп,  әлемдік қоғамдастықтың қалған қатысушылары құлақ түруі тиіс бірқатар жаһандық бастамалар ұсынды», - деді ол.

Оның айтуынша, әлем үшін Н.Назарбаевтың қазіргі заманғы өткір проблемаларды шешуге бағытталған бастамалары айрықша маңызға ие және ол «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінде көрініс тапқан. Ол ең бірінші кезекте БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында әлемді ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруынан азат етуді көздейді.

Қазақстанның сыртқы саясатына да кеңінен тоқталған үндістандық тілші Н.Назарбаевтың лаңкестікпен күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған күш-жігерін айрықша атап өтті.

«Қазақстан Орталық Азияның  радикализм көріністерінің белең алуы байқалып отырған өте сезімтал өңірінде орналасқан. Сондықтан да терроризммен күрестің мәні артып келеді және Қазақстан халықаралық терроризмге қарсы белсенділікті ілгерілетуде айрықша рөлге ие». Сонымен қатар Қазақстан мұнай мен газға бай мемлекет. Біздің еліміз Қазақстандағы бірқатар мұнай кен орындарын игеруге инвестиция құйды. Өткен жылы Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди Қазақстанға сапарлап, Каспий теңізіндегі Сәтбаев мұнай кен орнын бұрғылау шарасына қатысты», - деді «India Writes» жетекшісі.

Еске салсақ, 1 қыркүйекте Н. Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен G20 саммитіне қатысу үшін Қытайға барды және 4-5 қыркүйек күндері үлкен жиырмалықтың саммитіне қатысты. Бірінші сессияда Мемлекет басшысы жаһандық экономика мәселелерін шешу жолдары туралы өз болжамдарын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар