Қазақстанның халықаралық аренадағы келешегіне үмітпен қарай аламыз - Икрам Адырбеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайдың Чжэцзян өлкесіндегі Ханчжоу қаласында қыркүйектің 4-5 күндері өткен үлкен жиырмалық саммитіне қатысқан болатын. Саммиттің бірінші сессиясында Елбасы сөз сөйлеп, жаһандық экономикалық проблемаларды шешу жолындағы өз ойларымен бөліскен еді.

ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков қазіргі әлемдегі Қазақстанның және оның Президентінің рөлі, сонымен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамыту келешегіне қатысты өз ойларымен бөлісті.

- Икрам Адырбекұлы, көптеген халықаралық байқаушылар Қазақстанның халықаралық саясаттағы ықпалы жылдан-жылға артып келе жатқандығын айтуда. Сіздің көзқарасыңызша, бұл жайт немен байланысты?

- Бұл феноменді түсіндіру қарапайым да, әрі күрделі де. Біздің барлығымыз да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлық ұстанымға негізделген бейбітсүйгіш, жауапты сыртқы саясатын білеміз. Осыны басшылыққа ала отырып, қазақстандық дипломатия Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде әлемнің барлық елдерімен және халықаралық ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық ұстанымы мен прагматизмге негізделген өзара қарым-қатынастың сенімді жүйесін құрды.  Біздің еліміз ядролық қарусыздану саласының танылған көшбасшысына, мәдениет, дін және өркениет сұхбатының белсенді модераторына айналды. Біз қазіргі әлемдегі өңірлік және жаһандық проблемаларды шешуге тең дәрежеде қатысып, өз үлесімізді қосудамыз. Оның жарқын дәлелі Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі бола алады. Қазақстан имиджіне мемлекеттілікті, нарықтық экономиканы, демократияны нығайтудағы жасампаздық жұмыстардың жемісі мен конфессияаралық және этносаралық келісімнің бірегей моделі де оң ықпал етіп отырғаны сөзсіз.  «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «5 институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты шетелдік серіктестер тарапынан шынайы қызығушылық тудырып, еліміздің әлемдік саяси және экономикалық қарым-қатынастар жүйесіне одан әрі интеграциялануы үшін мығым негіз қалыптастырды. Дегемен, біз қол жеткізген позитивте тоқтап қалмауымыз қажет. Қарқынды, көп жағдайда  болжап болмайтын әлемдік оқиғалар мен тенденциялар біздің барлығымыздан да жаңа сын-қатерлерге дер уақытында қарсы әрекет етуде тынымсыз, теңгерімді жұмыстарды жалғастыруды, пайда болған мүмкіншіліктерді толыққанды пайдалануды талап етеді.

Мемлекет басшысының стратегиялық көрегендігінің арқасында бізде ол үшін қажетті барлық ресурстар бар. Дипломатиялық қызметтің мығым тетігі, келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесі, 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі өкілеттігі жайында айтып отырмын. Бұған қоса, ағымдағы жылдың қараша айында Қазақстан астанасы келесі ірі халықаралық форум - Астана бейбітшілік саммитін қабылдайтын болады. Мұның барлығы да біздің еліміздің халықаралық аренадағы келешегіне зор үмітпен қарауға мүмкіндік береді.

- Ханчжоуда өткен G20 саммитінде Мемлекет басшысы жаһандық экономикалық проблемаларды шешу бойынша бірқатар ұсыныс енгізді. Сіздіңше, бұл ұсыныстардың қайсысы бірінші кезекте жүзеге асырылуы мүмкін?

- Қазақстан Көшбасшысының барлық ұсыныстары әлемдік лидерлердің құлағына жетуге және халықаралық деңгейде қабылдануға лайықты деп санаймын.  G20 елдері, әлемнің өзге экономикаларының басым бөлігі ең бірінші кезекте әлемдік экономика өсімі қарқынының баялауымен байланысты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Мәселен, 2015 жылы бұл көрсеткіш 3 пайыздан сәл ғана асқан еді. ал бұл 2009 жылғы дағдарыстан кейінгі ең төменгі көрсеткіш. Бұл құбылыс  экономикалық тежелуге немесе Қытай секілді бірқатар «жаңа» экономикалардың құрылымын өзгертуіне, кей жағдайдарда, мәселен, Ресей мен Бразилиядағыдай рецессияға байланысты. Ұлыбританияның Еуропалық одақ құрамынан шығуы бойынша референдум қорытындысы, ҚХР экономикасындағы құрылымдық өзгерістердің жалғасуы, әлемдік шикізат пен қор нарықтарындағы  құбылмалылық, Түркиядағы мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылу, Франциядағы, Бельгиядағы және бірқатар өзге елдегі лаңкестік әрекеттер, Таяу Шығыс пен Украинадағы ахуалдың тұрақтану келешегінің көмескілігі, ресейлік-батыстық шиеленіс әлем алдында жаңа күрделі сын-қатерлерді төндіріп отыр. Бұған қоса, Транстынықмұхиты әріптестігі, Трансатлантикалық сауда-инвестициялық әріптестігі және қытайлық «Бір белдеу. Бір жол» жобасы сынды өңірге бөлінудің жаһандық тенденциясының күшейе түсуі анық байқалады.

Мемлекет басшысы Ханчжоуда атап өткендей, жаһандық дамудың бұдан арғы жолы негізінен бүкіл дүниежүзілік қоғамдастықтың іс-қимылының жүйелілігіне байланысты. Осыған орай Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру дер уақытында көтерілген идея. Оған Жаһандық экономикалық реттеуші функциялары жүктелуі керек. Президенттің айырбас бағамын тұрақтандыру, әлемдік экономиканы жандандыруға бағытталған шара ретінде жаңа индустриялық революцияға, сандық экономика мен инновацияға сенім арту ұсыныстары да барынша маңызды. Мұнан бөлек, Мемлекет басшысы  G-Global алаңын G20 мен дамушы мемлекеттер арасындағы диалог орталығы ретінде анықтап алуды ұсынды.

- Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дами түсуі немен байланысты?

- Әлемдегі және Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің жаңа сәулетін, геосаяси және геоэкономикалық теңгерімін қалыптастыру Қазақстаннан жаңа жаһандық шынайылыққа бейімделуді талап етеді. Бұл жұмыстағы маңызды элемент жаңа әлемдік саяси, әскери және экономикалық қуат орталығы ретіндегі Қытаймен ынтымақтастықта басты әдістерді өзектендіру болып саналады.

Өз кезегінде Қазақстан Бейжің үшін маңызды сауда-экономикалық серіктес әрі тату көрші, еуропалық және Таяу Шығыс нарықтарына апаратын жолдағы көпір ретінде зор қызығушылық тудырады.

Қазақстандық-қытайлық қарым-қатынас қарқынды даму динамикасымен, мығым құқықтық базасымен, ұйымдастырушылық құрылымдарының тармақталуымен, барлық деңгейдегі белсенді байланыстарымен сипатталады. Біздің мемлекеттеріміздің басшылары екі ел арасындағы қарым-қатынастың сипатын «жан-жақты стратегиялық серіктестік» ретінде айқындайды. Бұл деңгей екіжақты қарым-қатынастың тарихындағы ең үздік нәтиже болып отыр.

Біздің елдеріміздің арасындағы өзара сенім мен түсіністіктің қалыптасқан жоғары деңгейі мәселелердің кең ауқымы бойынша өзара іс-қимылдарды ілгерілетуге, ең қиын міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының таяудағы Қытайға нәтижелі сапары мен оның Ханчжоудағы үлкен жиырмалық жұмысына қатысуымен тұспа-тұс келуі ынтымақтастық тиімділігінің кезекті дәлелі бола алады.

Соңғы жылдары Астана мен Бейжің индустриялық-инновациялық ынтымақтастықты қарқынды кеңейтуге бағыт алып отыр. Мәселен, қарапайым тауарларды саудалаудың орнын инвестициялық жобалар басуда. Бұл әрбір жоба бойынша экономикалық байланыстардың барынша ұзақ мерзімді циклін, олардың барынша терең сипатын білдіреді.

Өзара іс-қимыл ауқымын қызыл сөзден гөрі мынадай небәрі екі сан ғана анық көрсетеді: 51 инвестициялық жоба, 26 млрд. доллар инвестиция.

Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы Елшісі ретінде Астананың Бейжіңмен бағыттардың кең спекторы бойынша байланыстарды одан ары тереңдетуге үздіксіз ұмтылуы қуантады. Бұл үшін қажетті саяси ерік-жігер, экономикалық мақсаттылық, сәйкесетін сыртқы саяси басымдықтар сияқты барлық алғышарт бар.

- «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы аясында ҚХР-мен серіктестік қарым-қатынасты дамытудың келешегіне қандай баға берер едіңіз?

- Мен бұл келешекті барынша қолайлы деп бағалаймын. Қазақстан «Жібек жолы экономикалық белдеуі» ұзақмерімді стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру үшін барынша оңтайлы өңірлік плацдарм болып отыр. Бұл ретте еліміздің стратегиялық тұрғыда географиялық орналасуы, бай табиғи ресурстары және екіжақты қарым-қатынастың дәстүрі тығыз сипаты  сөз болып отыр. Бұған қоса, Қытай Қазақстанмен және өзінің шекарасының батыс бөлігінде шектесетін басқа да ортаазиялық елдермен тұрақтылықты ұстап тұруға мүдделі.

Осыған орай тараптар жүргізіп отырған «Жібек жолы экономикалық белдеуі» мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын түйіндестіру барынша оңтайлы бола түседі. Қазақстанның да, Қытайдың да стратегиясы Азия мен Еуропаның түрлі бөліктерін байланыстыруға негізделген трансқұрлықтық көлік-логистикалық инфрақұрылымды жан-жақты дамытуды мақсат тұтады.

Еуразиялық экономикалық одақ, «Жібек жолы экономикалық белдеуі» және басқа да мүдделі ойыншылардың күш-жігерін үйлестірумен байланысты да мол перспектива бар. Қазақстан барлық еуразиялық жобаларды үйлестіруден және соның негізінде бірлескен даму ареалын құрудан синергетикалық тиімділік алуға тамаша мүмкіншілікке ие.

«Жібек жолы экономикалық белдеуін» толыққанды жүзеге асыру Қытайдың Орталық Азия мен Еуразиядағы прогресс ісіндегі жасампаздық әлеуетінің тағы бір тамаша жетістігі болады деп санаймын. Қытайдың еуразиялық геоэкономикаға белсенді араласуы өңірдегі өзара қарым-қатынастың жаңа пішінін қалыптастыруға мүмкіншілік береді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар