Қазақстанның дамуына еңбегімізді, білімімізді, қажыр-қайратымызды жұмсадық - Сапарбаев

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Өнер орталығында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтті. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктерді құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Ақтөбе облысында Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік түлеткен Мәңгілік ел» атты салтанатты шара өтті. Ел дамуы мен бірлігі үшін еңбек етіп жүрген ақтөбеліктердің бәрі Өнер орталығына жиналып, оларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады. Өңір басшысы 26 жыл бұрын ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінде әлем алдында Қазақстанның абыройы, беделі, танымалдылығы ерекше артқанын атап өтті.

«Ең негізгі саясат - мемлекеттің гүлденуі, тұрақтылық, қауіпсіздік, халқымыздың тұрмысы, әл-ауқатының жақсаруы. Қандай да бір дағдарысқа қарамастан Қазақстан экономикасы төмендеген емес, жалақы, зейнетақы көлемі төмендеген жоқ. Құрылыс тоқтамады. Бұл жетістіктерде ақтөбеліктердің де үлесі бар. 2017 жылда да өсім бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев берген тапсырма орындалып жатыр. Экономиканың даму қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артты»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
null 

Облыс әкімінің айтуынша, биыл Ақтөбеде өнеркәсіп өнімі 2 триллион теңгені құрады. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 цехы мен Жаңажол газ өңдеу зауытының толық қуаттылықта жұмыс істеуі өнеркәсіп өнімінің өсіміне септігін тигізді. «Батыс Қытай  - Батыс Еуропа» жолының құрылысы аяқталып, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» жолының құрылысы басталды. Келер жылы Орталық-Батыс тасжолы салынады. Биыл өңірге 450 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ал мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында 125 жоба іске асырылып жатыр. Айта кетейік, салтанатты шара кезінде Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасоваға және «ИнтерСтиль» ЖШС директоры Гнел Сарибекянге «Парасат» ордені берілді. Сонымен қатар, «РОКОС» компаниялар тобының бас директоры Аркадий Ни ІІ дәрежелі «Достық» орденін алды. Ал 14 ақтөбелікке «Құрмет» ордені табыс етілді. Олардың арасында ірі шаруашылық басшылары, аудан әкімі, әкім орынбасарлары бар. Мұнайшылар мен кеншілер ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды. «Ақтөбе құтты мекен болуы керек. Ол үшін ақтөбеліктер өңірдің дамуына өз үлесін қосуы керек. Таңертеңнен кешке дейін мемлекет бере берсін деп айтпай, әрбір ақтөбелік, қазақстандық үлес қосып, еңбек етуі тиіс. Қолдап, көмектесіп жүрген азаматтарға рахмет айтамын», - деді Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев. 
null null 

Соңғы жаңалықтар