Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы қазақ халқының табысы - Елбасы

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы қазақ халқының табысы. Бұл жайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл біздің тарихымыз үшін өте маңызды, бұрын-соңды болмаған шара. Бүкіл дүниенің осындай ұйымын басқару, нұсқау беру, не істеу керектігін айту - мұның барлығы үлкен табысымыз деп санаймын. Менің жеке басымның табысы емес қазақ халқының, Қазақстанның табысы. Артымызда халқымыз тұрғаннан кейін елге қызмет істеп, жақсылық жасау үшін жүріп жатырмыз», - деді Елбасы.

Мемлкет басшысы сұхбат барысында Қазақстан мен АҚШ байланыстарына да кеңінен тоқталып өтті.

«АҚШ-тың дүниежүзіндегі ең алып ел екендігі барлығымызға да белгілі. Жақын арада АҚШ-тың орнына келе қалатын дүниеде мемлекет жоқ. Жақынырақ келе жатқан Қытай шығар. Бірақ ол да әлі көп шаруа жасауы керек. Сондықтан осындай елмен, әсіресе ғылыми-техникалық жағынан дамып келе жатқан елмен қарым-қатынас жасау біз үшін өте қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы еліміздің үшінші жаңғыруы, индустриялық, инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін АҚШ-пен екіжақты байланысттарды нығайта түсу қажеттігіне назар аударды.

«Кешегі Жолдауда айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін төртінші технологиялық революцияға өтіп, Цифрлық технологияны дамытамыз деп отырмыз. Ал оның барлығы да осы жерде», - деді ҚР Президенті.

Соңғы жаңалықтар