Қазақстанның бейбітсүйгіш қадамдары ресейлік ғалымдар тарапынан жоғары бағаға ие болды

None
None
АСТАНА. Қазақпарат - Қазақстанның бейбітсүйгіш қадамдары ресейлік ғалымдар тарапынан жоғары бағаға ие болды, деп жазады «егемен қазақстан» газеті бүгінгі санында.

Кеше Мәскеуде Қазақстан елшілігі және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ұйымдастыруымен «Ядролық қарусыз әлем үшін күрес жолындағы 25 жыл: Семей полигонын жабудан Н.Ә.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіндегі жаһандық бастамаларға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Дүние жүзіндегі ең үлкен атом сынақ алаңының Елбасы Жарлығымен жабылғанына ширек ғасыр толуына арналған алқалы жиынға қатысушылардың бәрі бірауыздан біздің еліміздің бей­бітсүйгіш қадамдарына жоға­ры баға бергенін бірден атап көрсеткеніміз жөн. Осы орайда, Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың ерен еңбек сіңіріп, сарқылмас саяси ерік-жігер танытқаны ерекше айтылды.

Қаһарынан жаһан қаймыққан Кеңес Одағының әлі тарамаған кезінде мұндай батыл қадамға бару шынымен көзсіз ерлікке пара-пар еді. Сол тұста қоғамға дендей енген демократия, жариялылықтың арқасында көкірегіне сәуле түсіп, көзі ашыла бастаған көпшілік аты ұлтымыздың төлқұжатына айналған ұлы Абай туған киелі өлкедегі айналасына өлім сепкен алапат жарылыстарды тоқтату­ды талап етіп, көтеріліп кетті. Қырық жыл бойғы қырғын сынақ­тардан халқымыз тартқан қасірет­тің ауыртпалығынан қара жер қайысты. Апат аймағындағы ағай­ынд­арымыздың ащы тағдыры Кремль қонақтарының қаперіне кіріп шықпады. Құжаттарда көр­сетілгендей, «елсіз» мекендегі ессіздіктер жалғаса берді. Қаншама адам бұрын-соңды кездеспеген белгісіз кеселдерге ұшырап, ана дүниеге аттанып жатты. Дәрігерлер олардың дәл диагнозын қоюдан қорықты. Өйткені, бастары екеу емес болатын. Отызыншы жылдар ойранында тоталитарлық жүйенің зұлматынан әбден зәрезап болған зиялы қауым өкілдері де іштерінен қан жылағандарымен, ашық қар­сы шыға алмады. Сондағы сойқан­дарды  айғақтайтын деректер мен дәйектерді оқысаң, төбе шашың тік тұрады. Конференция басталмас бұрын көрсетілген фильм көкейі­міздегі көп қыжылды қайта қозғап жібергенін несіне жасырайық.

Мәнді мәжілісте мәйекті пікір білдірген Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының Ресей Федерация­сын­дағы Төтенше және өкілетті елші­сі Марат Тәжин біздің мемле­кетіміздің ядролық қарудан бас тартуы Елбасымыздың үш негізге сүйенген айқын ұстаны­мымен ай­шықталатынына тоқталды. Бірін­шіден, қатерлі қару ая­ғынан қаз тұрған жас мемле­кеттің қауіп­сіздігіне тұрақты кепілдік бер­мейтін еді. Екінші­ден, экономика­ны жаңаша құру қажеттілігі ірі кө­лемдегі инвестицияларды талап етті. Ондай қомақты қаржы­лар елімізге тек ядролық қару­дан арылғаннан кейін ғана келді. Үшіншіден, аймақ қауіп­сіз­дігі айрықша қадам жасау­ды қа­жетсінді. Президентіміздің ізгі­лік­ті іс-қимылының нәтиже­сінде ши­рыққан аймақтық шие­леністердің түйіні шешілді. Ала­сапыранды пайдаланып, яд­ро­лық бомбамызбен «бөлісуге» қол­қа салғандар да бол­май қалған жоқ.

Ескерте кететін бір жайт, Ау­ғанстандағы, барлық орталы­қ­­­азиялық шекаралардағы жағ­дай­­дың асқынуына жеті жыл қал­ған-тұғын. Салиқалы саясат ұста­­ну­дың арқасында Қазақстан халық­­аралық аренадағы байыпты да байсалды ойыншыға айналды. Экономикасы қарыштай да­мып, бірқатар аймақтық қатер­лерді былай қойғанда, кейбір жа­һан­дық қауіпсіздікке қатысты игі ша­ра­лардың басын қайыр­ды. Егер Франция мен Ұлыбри­тания­­ның ядролық әлеуетін қоса ал­ған­дағыдан әлдеқайда қуатты жарыл­ғыш материалдар теріс пиғылда біреулердің қолына түссе, оның аяғы қайда апарып соға­тынын ойлаудың өзі қор­қыныш­ты. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамының тарихи маңызы орасан зор екендігі талас тудырмасы анық.

Одан әрі ой өрбіткен елші Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі өзегі болашақта ядролық қарудан толықтай бас тарту идея­сы екендігін алға тартты. Ол, сондай-ақ, мұндай мақсатқа дәл қазіргі таңда қол жеткізу мүмкін еместігін, әңгіме бұл жерде сатылап жүзеге асар стратегия жөнінде болып отырғанын, онда ядролық қарудан азат аймақтарды көбейтудің нақты механизмдерінің бірі ұсынылғанын, ал бұл проблеманы гуманитарлық тұрғыдан па­йымдау екенін ескертті.

Сөзінің соңында дипломат Берия мен Курчатов Шы­ғыс Қазақстанда ядролық сынақ полигонын ашу жөнінде ше­шім қабылдағанда, бұл араны бос жатқан кеңістік ретінде баға­лағанын, ал шындығында, осынау өлкенің ұлттық мәдениетімізде айрықша орын алатынын, бағзы замандардағы Алтай өркениетінің ажырамас бөлігі болғанын, сол себепті, ел Президентінің Жарлығы тарихи жадымызды жаңғыртып, тарихи санамызды қайта қалпына келтіруге әсерін тигізетінін тілге тиек етті.

Жиын қонақтарына жылы шырай білдірген Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің бірінші проректоры Александр Безбородов өздерінде ежелден көршілес екі елдің қарым-қатынасын оқытуға ойдағыдай көңіл бөлінетіндігін айтты. Бүгінгі студенттерге КСРО тарихын оқыту ерте дәуірлермен салыстырғанда қиынға соғатынын да жасырмады. Қазақстандықтар бейбітшілік жолындағы небір бағалы бастамаларға мұрындық болып жүргеніне сүйсініс танытты. Парасатты басшыға бағынған жұрттың жұлдызы әлбетте оңынан туатындығына сенім білдірді.

Мәртебелі мінбеге көтерілген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев алапат сынақтардан азап шеккен еліміз ядролық қарусыз әлемнің мерейлі жетістіктері бас­ты бағыт саналатынын нақты мысалдармен саралады. Дүние жүзіндегі күш-қуаты жағынан төртінші орындағы арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан, бейнелеп айтқанда, ядролық қарусыз әлемге апаратын жолдың тиімді моделін қалыптастырғанын және оны планетаның барлық елдеріне пайдалануға ұсынатынына екпін түсірді. Мемлекет басшысы өзінің манифесінде әлемдік қоғамдастық назарын ядролық қарусыздануға қарай қозғалыс көптеген өркенді өзгерістерді, жаңа сипаттағы көпжақты саяси шешімдерді, халықаралық қарым-қатынастарды, қалтқысыз сенімді талап ететіндігіне аударады. Таяуда Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияның қорытынды құжатында манифестегі мәнді мәселелер жалғасын тапқаны да әңгіме арқауына айналды. Өйткені, бұлар адамзаттың ХХІ ғасырдағы асыл армандарына жетудің адас­тырмас бағыттарын көрсетеді.

Қазақстанның бейбітсүйгіш қадамдарына жоғары баға берілген конференцияда көптеген көкейкесті мәселелер қозғалды. Ашық пікір алмасу рухындағы кездесуде сөйлеушілердің тоқсан ауыз сөзі атануы ауыздықтау саласындағы Елбасы Н.Назарбаевтың сан қырлы қызметі сүйсінуге тұрарлық екендігімен түйінделіп отырды.

Кезінде КСРО Қарулы күштері Бас штабының бастығы болған генерал Владимир Лобов бүкіл дүниені бүлдіретін бомбаны саясатшылар жасататынын, ал ұяты әскерилердің еншісіне қалатынын айтып қатты қынжылды. Әу баста оның отанның қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында дүниеге келгенін, соңынан басқаша сипат алып кеткені де жасырын сыр емес. Ядролық қаруды иеленуге ұмтылу - барып тұрған ессіздік. Үлкен державалар «ауруының» емін табуға жөн сілтеген Қазақстан Президентінің көрегенділігінен басқа әріптестері үлгі алса игі. Әйтпесе, Жер-Ана әлемтапырыққа айналуы әбден ықтимал.

Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Максим Шингаркин өз елінің сенімді одақтасы саналатын Қазақстан басшысының Орталық Азияда Ядролық қарусыз аймақ құру туралы ұсынысының ұтымдылығына тәнтілігін алдыңғы кезекке қойды. Оның ойынша, бүгінде әскери базалардан аяқ алып жүргісіз Еуропада осындай алаңсыз тірлік аймақтарын құрса, құба-құп. Ендігі жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың саясат сахнасындағы зор беделі осынау шетін істің шешімін табуға септігін тигізсе ғанибет болар еді.

Ресей Бейбітшілік қорының төрағасы Леонид Слуцкий жаһандық деңгейдегі ғақлия есепті Назарбаев манифесін талқылап қана қоймай, одан тағылым алу керектігін жеткізді.

КСРО Мемлекеттік сыйлы­ғының 1982 жылғы лауреаты, көрнекті ғалым Олег Кузнецов Қазақ­станның антиядролық акция­сы адамзат үшін аса маңызды болғандықтан оны тек қолдау, қуаттау қажеттігін айта келе, ядролық физика ғылы­мын­дағы ғаламат жаңалықтар ғалам­шар­лықтардың игілігіне пайдала­нылуға тиістігін жиналғандардың қаперіне салды. Иә, ғұламалардың ғажайып еңбегінің ескерусіз қалмағаны жөн-ау. Бұл ретте, атомды бейбіт мақсаттарға пайдалану бағытында Қазақстанда атқарылып жатқан ауқымды шаруалар жетерлік.

БҰҰ-ның Мәскеудегі ақпарат­тық орталығының директоры Вла­димир Кузнецов 29 тамыз тарих бетіне алтын әріптермен жазыл­ғанын, оған Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосқанын, жаһандық деңгейдегі жақсы бастаманың баянды болуға лайық екендігін ілтипатпен атап өтті.

"Мәскеу төріндегі мәслихат барысында Қазақстан мен оның Көшбасшысының атына басқа да жылы пікірлер көп айтылды. Отаны туралы ода айтылғанын кім жек көрсін. Біз де соларды естіген сайын марқайып, елге Ресей астанасынан риза көңілмен аттандық", - дейді газет тілшісі.

Соңғы жаңалықтар